Биыл елордада 173 қоғамдық және аула кеңістігін абаттандырамыз - Жеңіс Қасымбек
Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елорданы абаттандыру бойынша кешенді жұмыс жүріп жатқанын жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Биыл 173 қоғамдық және аула кеңістігін абаттандырамыз. Олардың қатарында мыңдаған тұрғын күн сайын демалатын саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жаяу жүргіншілер аймақтары мен қоғамдық орындар бар.
Біздің міндетіміз – қаланың әр ауданында заманауи, жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістіктер ашу», - деді ол.

Қала әкімі бүгін елордадағы бірқатар ірі қоғамдық кеңістіктің құрылыс барысымен танысты.
«Елордада Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықтағы «GreenLine» желілік саябағының екінші кезеңі абаттандырылып жатыр. Мұнда серуендеу жолдары, ауқымды көгалдандыру, демалыс аймақтары, спорт инфрақұрылымы және экологиялық шешімдер қарастырылған заманауи қоғамдық кеңістік ашылады.
Сондай-ақ «Кіші Талдыкөл» экосаябағы жобасының жүзеге асу барысын тексердік. Жобаның негізгі мақсаты – аумақтың табиғи ландшафтын сақтау, жаңа рекреациялық кеңістіктер құру, табиғи экожүйені қалалық ортамен үйлестіру, су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұру және тұрғындардың демалуына әрі биоалуантүрлілікті сақтауға арналған тұрақты табиғи аумақ қалыптастыру.
Жоба аясында «Мыңжылдық» аллеясында жаңа қоғамдық кеңістіктер құрылып жатыр», - деді қала әкімі.
Абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданында жүріп жатыр. Соңғы жылдары қалада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Бұл жобалардың бәрі қалалық ортаны кешенді дамыту жұмысының бір бөлігі саналады.
«Басты мақсатымыз – Астананы тұрғындар үшін жайлырақ, заманауи әрі жасыл қалаға айналдырып, сапалы қалалық орта қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру», - дейді Ж.Қасымбек.