Үкімет ШОБ-ты қолдау бойынша «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті

Үкімет ШОБ-ты қолдау бойынша «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын бекітті
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Іскер аймақ» бағдарламасы ауылдық жерлерде және шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

«Аталған бағдарламаға сәйкес, біз жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету», - деді Премьер-министр.

Қаржы министрлігіне «Іскер аймақ» бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет.

Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды (бюджеттің 70%-ы) бөлу үшін аудандардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін қалыптастыруы қажет.

Бұған дейін Бектенов Қазақстандағы адал бизнес тосыннан салықтық тексеруден босатылатынын айтқан болатын.