Достық үйінде елордалық ардагерлерге құрмет көрсетілді
Астанадағы Достық үйінде Халықаралық қарттар күніне орай елордалық ардагерлерге құрмет көрсету іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның басты мақсаты — аға буынның еліміздің рухани және мәдени құндылықтарын қалыптастырудағы рөлін айшықтау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қосқан үлестерін дәріптеу.

«Бүгін Достық үйінің дәстүрлі бастамасымен Халықаралық қарттар күніне орай әр этностың өкілдерін жинап, мерекелік іс-шара ұйымдастырып отырмыз.
Іс-шараға қатысушылардың ортасында ғалым да, заңгер де, журналист те, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар да отыр. Сіздерді көргеніме қуаныштымын.
Сіздер қайда, неше жыл еңбек етсеңіздер де, мемлекетімізді құруға атсалыстыңыздар, әлі де қоғамның дамуына үлгі-өнегелеріңізбен үлес қосудасыздар. Ал жастарға осындай өмірлік мысалдар, өз еңбегімен елдің алғысын алған тұлғалардың бейнесі қажет. Сіздерге денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт пен тәлімді ұрпақ тілеймін», - деді Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Ләззат Құсайынова.

Мерекелік кездесуде зейнеткерлер үшін әртүрлі сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Ұрпағына ұлағатты сөз айтып, ақыл-кеңесін аямайтын қазыналы қарттарымызға құрмет көрсетіліп, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«Достық үйінде өтіп жатқан Қарттар күніне арналған іс-шараның құрметті қонақтарының бірі болғаныма қуаныштымын. Бүгін бізге жас буын сайыс ұйымдастырып, өнер көрсетіп, көңілімізді көтеріп жатыр.
Біздің ансамбліміз де Достық үйінде ұйымдастырылатын іс-шаралардан тыс қалған емес. Өнерпаз әжелер бірігіп, ұлттық әннің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына өз үлесін қосып келеді. Құрылғанына он жеті жыл болған «Шаңырақ» әжелер ансамблі халықтық атауын алды. Әлі де дәстүрлі өнердің жалғастырушысы болып, ұрпағымызға үлгі-өнеге көрсете бермекпіз», - дейді зейнеткер Балшекер Тәуекел.

Сондай-ақ, іс-шара барысында «Біз жастарға үлгі» атты фотокөрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Экспозицияда көпшілік назарына ардагерлердің өмірінен сыр шертетін бірегей фотоматериалдар ұсынылды.
