Қазақстан ТМД елдерімен адамдарды іздестіру туралы келісімге өзгеріс енгізді

30 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан ТМД елдерімен адамдарды іздестіру туралы келісімге өзгеріс енгізді
Фото ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан мен ТМД елдерінің құзыретті органдары адамдарды мемлекетаралық іздестіру кезінде электрондық форматта ақпарат алмасады. Құрылтай «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті хаттамаға тараптар 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеу қаласында қол қойған.

Құжатқа енгізілген өзгерістерге сәйкес, ТМД елдерінің құзыретті органдары арасында іздестіруге қатысты ақпаратты электрондық форматта алмасу мүмкіндігі бекітіледі.

Бұл қылмыскерлерді іздестіру және олардың жүрген жерін анықтау бойынша бірлескен шараларды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Электрондық ақпарат алмасу сот шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген адамдарды, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, сондай-ақ туыстарымен байланысын жоғалтқан немесе өзі туралы мәлімет бере алмайтын адамдарды іздестіру кезінде қолданылмақ.

Хаттаманы ратификациялау ТМД елдері арасында іздестіру шараларын жүргізу барысында электрондық форматта ақпарат алмасудың құқықтық негізін қалыптастырады.

Бұған дейін Қазақстан мен Қатар қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты нығайтатыны хабарланған еді.