Тоқаев Linde компаниясының Қазақстандағы 500 млн долларлық жобаларын құптады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Linde компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобалары, мұнай-химия өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективалары және жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Президент Linde компаниясының отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Linde – өндіріске қажетті газдар мен инжиниринг саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Оның технологиялары металлургия, тау-кен, химия, энергетика, денсаулық сақтау, электроника және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Қазақстанда инвестициялық құны 500 миллион долларға дейін бағаланатын бірқатар жобаны іске асыру жоспарын құптады.
Соның ішінде Linde мен Qarmet арасында Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысын салу жөніндегі келісімге қол қойылғанын атап өтті.
Кездесу барысында мұнай-химия өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективалары да қарастырылды.
Мемлекет басшысы көміртегін тұту және сақтау бағытындағы Linde технологияларына ерекше тоқталды. Сондай-ақ компанияның сутегі инфрақұрылымын дамытуға ұмтылысы Қазақстанның «жасыл» экономика стандарттарына көшу міндетімен үндесетінін атап өтті.
Президент Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай-химия және химия кластерлерін дамыту жұмыстары қолға алынғанын айтып, Linde компаниясын болашағы зор жобаларға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Оливер Пфанн компания жобаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Ол серіктестікті одан әрі кеңейтуге және Қазақстанда жаңа өндіріс ошақтарын ашуға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен Қазақстандағы бірлескен жобаларды талқылаған болатын.