Елімізде геологиялық барлауға жасанды интеллект енгізіледі
Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеу және кен орындарын іздеу кезінде жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Бұл бағытта Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және сингапурлық OXUS METALS AI PTE. LTD. технологиялық компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжатқа Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев және OXUS METALS AI PTE. LTD. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры David Zhen Yin қол қойды.

Ынтымақтастық аясында перспективалы учаскелерді анықтау және барлау үшін геологиялық, геофизикалық және геохимиялық деректерді кешенді талдауға ЖИ технологиялары қолданылмақ.
Сондай-ақ геологиялық деректерді ЖИ-модельдерінде пайдалануға мүмкіндік беретін машинада оқылатын форматқа көшіру және тау жыныстарының керндерін цифрландыру мәселесіне назар аударылады.
OXUS Metals AI геологиялық деректерді талдау және перспективалы кен орындарын іздеу үшін жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге маманданған. Компания геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстарды іздеу бағытында технологиялар дамытып келеді.
Меморандум аясында қазақстандық мамандарды даярлау және геология саласында жасанды интеллектті пайдалану бойынша тиісті құзыреттерді қалыптастыру да көзделген.
Жоба геологиялық барлау саласында ЖИ технологияларын қолдану аясын кеңейтіп, деректерді талдау мен перспективалы кен орындарын анықтау мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған.
Бұған дейін ЖИ экология саласындағы заңбұзушылықтарды анықтауға көмектесетіні хабарланды.