Құрылтайда дәрігерлердің мәртебесін арнайы заң арқылы қорғау ұсынылды

30 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Құрылтайда дәрігерлердің мәртебесін арнайы заң арқылы қорғау ұсынылды
Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты Дана Медеуова кезекті отырыста «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсетті. Ең бастысы бұл – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Басты міндеттің бірі – дәрігерлердің мәртебесін көтеру және мамандықтың беделін нығайту. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң бақылау – біздің айрықша назарымызда», - деді Д. Медеуова.

Оның сөзіне қарағанда, еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуы тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек.

«Дәрігер» заңмен қорғалуы тиіс. Бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек. Кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, қазір жүйеде еңбек етіп жүрген мамандарды ұстап қалу да маңызды. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда, дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін», - деді депутат.

Осы орайда ол білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет екенін еске салды.

«Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек», - деді Дана Медеуова.