Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының екінші күнін Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтпен кездесуден бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Қазақстан мен Siemens арасындағы өнеркәсіп, цифрландыру, энергетика, коммуналдық шаруашылық және медициналық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Президент Siemens компаниясын Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, компания қызметіндегі өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық және интеллектуалды инфрақұрылым бағыттары Қазақстанның жаңғыру басымдықтарымен үндеседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың нақты секторларындағы цифрлық трансформация бойынша қолға алынған жүйелі шараларға тоқталды. Осы ретте Мемлекет басшысы Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компанияларының Qarmet металлургия комбинатының құрал-жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасына қолдау білдірді.
Президент Қазақстанның озық құрал-жабдықтарды сатып алумен ғана шектелмей, өндірістік, инженерлік және сервистік орталықтарды құруға да мүдделі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Siemens компаниясының құзыреттері мен технологиялық инновациялары Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуға, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайын мониторингтеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесуде Siemens Healthineers компаниясымен медициналық технологиялар саласындағы ықпалдастықты кеңейтуге де әлеует бар екені аталып өтті.

Өз кезегінде Бернд Ульбрихт Siemens корпорациясының бастамаларына қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Оның айтуынша, Siemens Қазақстан нарығына енген 30 жыл ішінде бірқатар өнеркәсіптік жобаны табысты іске асыруға атсалысқан. Компания өкілі өзара мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық танытты.
Бернд Ульбрихт Siemens компаниясының электр желілерін жаңғырту, цифрландыру және автоматтандыру, сумен жабдықтау салаларында технологиялық шешімдер ұсына алатынын жеткізді. Сондай-ақ компания деректерді өңдеу орталықтарының инфрақұрылымын дамыту жобаларына қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары Мюнхенде жалғасатыны хабарланған еді.