Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан бағыты бойынша жаңа теміржол жобасын бірлесіп пысықтауға ниетті. Жоба Пәкістанның теңіз порттарына шығатын көлік дәлізін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

CASA теміржол жобасы аясындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Қазақстанның Көлік министрлігі, Өзбекстанның Көлік министрлігі және Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және инфрақұрылым министрлігі қол қойды.

Жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын дамытуға, халықаралық тасымалдарды кеңейтуге, сондай-ақ сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Меморандум аясында тараптар техникалық-экономикалық зерттеулер мен талдау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қажетті теміржол инфрақұрылымы мен оған байланысты нысандарды дамытудың орындылығы зерделенеді.

Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол инфрақұрылымы және транзиттік әлеуеті жобаны пысықтауға негіз болады. Ал БАӘ көлік инфрақұрылымы, логистика және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы тәжірибесін ұсынбақ.
Тараптар жобаны одан әрі дамыту қадамдары мен бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын да талқылады. Атап айтқанда, оның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін кешенді қарастыру үшін жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасында 1-3 қазанда көлік өткізу тоқтатылатыны хабарланды.