Еліміз мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады

Бүгін, 14:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Еліміз мұнай өңдеуді 39 млн тоннаға дейін ұлғайтады
Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу есебінен мұнай өңдеудің жиынтық қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан 30-шы KIOGE 2026 халықаралық көрмесі мен конференциясында ҚР Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

Жаңа кешеннің жылдық қуаты 10 млн тоннаға дейін болады. Энергетика министрлігі жобаны іске асыруды жеделдетіп, нысанды 2033 жылға дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы төрт ықтимал алаңға салыстырмалы талдау жүргізілуде. Өңірді түпкілікті таңдау осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

«Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін төрт ықтимал облысқа бағалау жүргізіліп, содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Дәулет Арықбаев.

Сонымен қатар Қазақстан жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу кәсіпорындарының қуатын қазіргі 18 млн тоннадан жылына 29,2 млн тоннаға дейін арттырып жатыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жобаның ТЭН әзірлеу жұмыстарын CNPC-нің Шығыс-Қытай жобалау институты жүргізуде.

Павлодар мұнай-химия зауытын 2031 жылға қарай жылдық қуатын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу көлемі кезең-кезеңімен 2028 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттырылады. Кәсіпорында жөндеуаралық үш жылдық циклге көшу де жоспарлануда.

Мұнай өңдеу қуаттарының артуына байланысты Қазақстан отандық зауыттарды қажетті көлемде шикізатпен қамтамасыз ету үшін мұнай тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, кеңейтілетін Шымкент МӨЗ-ін мұнаймен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан – Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту, бес жаңа мұнай айдау станциясын салу және ұзындығы 189 км лупинг тарту мәселесі пысықталуда.

Кенқияқ – Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға дейін, ал Кенқияқ – Құмкөл учаскесінің өткізу мүмкіндігін жылына 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жобаны Қытай тарапымен паритеттік негізде іске асыру мәселесі қарастырылуда.

Бұған дейін Caspi Bitum зауытын кеңейту жұмыстары аяқталып, оның мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға жеткізілді. Кәсіпорында жол битумын өндіру көлемі жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ Қазақстанда Jet A-1 авиациялық керосинін өндіруді жолға қою жоспарлануда.

Экспорттық логистика мәселесіне тоқталған Дәулет Арықбаев Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы сыртқы нарықтарға жеткізілетінін атап өтті. Қазақстан мұнайының шетелге экспортталатын көлемінің 80%-дан астамы Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады.

Сонымен қатар Атырау – Самара бағыты, Қытай бағыты және Ақтау порты арқылы Транскаспий халықаралық көлік маршруты, одан әрі Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры пайдаланылуда.