Қазақстан ғылым, жоғары білім және жасанды интеллект салаларындағы көрсеткіштерін халықаралық рейтингтерде жақсартты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Telegram-дағы парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
WIPO-ның 2026 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан бір жылда 8 сатыға көтеріліп, 73-орынға орналасты. Министрдің мәліметінше, бұл – елдің соңғы 10 жылдағы ең жоғары нәтижесі.
Орталық және Оңтүстік Азия өңірінде Қазақстан Үндістаннан кейін екінші орын алды. Рейтингте Иран 76-орында, Өзбекстан 77-орында тұр.
Ал THE World University Rankings 2027 рейтингіне Қазақстанның 10 жоғары оқу орны енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп, ал 2020 жылғы көрсеткіштен үш еседен астам жоғары.
Назарбаев Университеті алғаш рет әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кіріп, 376-400 позициялар аралығында орналасты. Министрдің жазуынша, университет ТМД, Орталық Азия және Кавказ өңірінде бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Орталық Азиядағы THE әлемдік рейтингіне енген алғашқы медициналық жоғары оқу орны атанды.
Қазақстанның көрсеткіші өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда да жоғары болды. Атап айтқанда, рейтингке Өзбекстанның 8, Әзербайжанның 5, Грузияның 3 және Арменияның 1 университеті енген.
Coursera-ның 2026 жылғы жаһандық дағдылар есебінде Қазақстан жасанды интеллект пен адами дағдылардың үйлесімін бағалайтын AI-Human Skills Synergy Index бойынша 98 елдің ішінде 55-орынға ие болды. Қазақстан бұл көрсеткіште Әзербайжаннан (65-орын) және Өзбекстаннан (93-орын) жоғары тұр.
Сонымен қатар ұлттық AI-Sana жобасы Coursera есебіне жоғары білім беруді мемлекеттік деңгейде трансформациялаудың үлгісі ретінде енгізілді. Жоба 100-ден астам жоғары оқу орнын біріктіреді.
Саясат Нұрбектің айтуынша, аталған көрсеткіштер Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасу, адами капиталды дамыту және жасанды интеллектті енгізу бағытындағы жұмыстарының нәтижесін көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Жаһандық инновациялар индексінде 8 сатыға көтерілгені хабарланған еді.