Балаға есім таңдауға шектеу қоюға бола ма: Корея сотының шешімі

Балаға есім таңдауға шектеу қоюға бола ма: Корея сотының шешімі
Фото: pexels.com

Корея Республикасының Конституциялық Соты ата-ананың балаға есім таңдау құқығына қатысты ерекше істі қарады. Сот баланың есімін ресми тіркеу кезінде қолданылатын қытай иероглифтерінің аясын шектеу Конституцияға қайшы емес деген шешімге келген, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Конституциялық Сотының мәліметіне сілтеме жасап.

Корея Республикасы Конституциялық Сотының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, шешім 2026 жылғы 29 сәуірде қабылданған. Судьялар шағымды 5:4 дауыспен қанағаттандырудан бас тартқан.

Іске азаматтың қызына есім беру кезінде туындаған жағдай себеп болған. Әкесі баланың есіміне «래» деп оқылатын 婡 иероглифін пайдаланғысы келген. Алайда бұл таңба бала есімдерін ресми тіркеуге рұқсат етілген иероглифтер тізіміне кірмеген. Сондықтан азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде қыздың есімі иероглифсіз, тек корей әліпбиімен жазылған.

Осыдан кейін әкесі Конституциялық Сотқа жүгініп, мұндай шектеу ата-ананың балаға есім таңдау құқығын бұзады деп мәлімдеген.

Алайда Конституциялық Соттың бес судьясы қолданыстағы талапты Конституцияға сай деп таныды. Соттың ұстанымынша, адамның есімі оны басқа азаматтардан ажыратуға және құқықтық әрі әлеуметтік сәйкестігін белгілеуге қызмет етеді. Сондықтан ресми құжаттарда кеңінен қолданылатын иероглифтердің пайдаланылуы азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл шектеу рұқсат етілмеген иероглифті күнделікті өмірде пайдалануға тыйым салмайды. Ол негізінен ресми тіркеу құжаттарына қатысты: есімде тізімге кірмейтін иероглиф қолданылса, азаматтық хал актілерін тіркеу құжатында есім корей әліпбиімен ғана көрсетіледі.

Дегенмен шешім бірауыздан қабылданбаған. Төрт судья қолданыстағы талапқа қарсы пікір білдіріп, технологиялық мүмкіндіктердің дамуын ескере отырып, компьютерлік жүйеде көрсетуге болатын иероглифтерді есімде қолдануға кеңірек мүмкіндік беру қажет деп санаған. Олардың пікірінше, қазіргі шектеу ата-ананың балаға есім таңдау құқығына шамадан тыс араласуы мүмкін.

Осылайша, Корея Республикасының Конституциялық Соты бала есімінде қолданылатын иероглифтерді шектеудің қолданыстағы тәртібін күшінде қалдырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Құрылтай Жоғарғы Соттың алты судьясын қызметінен босатқанын хабарлаған едік.