Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық Санжар Ерұланұлы алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Финалда Санжар Жапония өкілі Шокей Хираноны жеңді. Бұған дейін ол Германия балуаны Даниил Спиридоновты, Италия өкілі Франческо Маццонды, ширек финалда Әзербайжан спортшысы Давуд Намазлиді, ал жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановты ұтты.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық Асқар Біржанов қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін белдесуде ол Испания өкілі Никита Юдановтан басым түсті. Асқар жарыс барысында Үндістан спортшысы Харш Шарманы және Литва өкілі Маюс Генисті жеңіп, ширек финалда Жапония дзюдошысы Шокей Хираноға есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде Ресей өкілі Владимир Досякты ұтып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Санжар Ерұланұлы — Қазақстан тарихындағы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеке жарысында алтын медаль жеңіп алған үшінші дзюдошы. Бұған дейін Елдос Сметов 2010 жылы, ал Магжан Шамшадин 2015 жылы әлем чемпионы атанған. Осылайша, қазақстандық дзюдо 11 жылдық үзілістен кейін жастар арасындағы әлем чемпионатының алтынына қол жеткізді.
Айта кетейік, Санжар Ерұланұлы 2024 жылы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған. Ташкенттегі жастар арасындағы әлем чемпионатына 82 елден 594 спортшы қатысуда.