Түркия университетінде Абай орталығы ашылды
Түркияның Қыршехир Ахи Эвран университетінде Абай атындағы қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті ғылыми-зерттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа орталық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қыршехир Ахи Эвран университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Ғылыми-зерттеу орталығының негізгі қызметі қазақ тілі мен әдебиетін, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын зерттеуге және насихаттауға, бірлескен ғылыми-зерттеу және академиялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Орталық аясында Қазақстан мен Түркияның ғалымдары, оқытушылары және студенттері бірлескен зерттеулер жүргізіп, тіл, әдебиет және мәдениет салаларында тәжірибе алмасады.
Ашылу салтанатына Қыршехир Ахи Эвран университетінің басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ делегациясы қатысты. Қыршехир Ахи Эвран университетінің ректоры Мұстафа Қасым Караходжаоғлы өз сөзінде Абай орталығының екі университет арасындағы академиялық және мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті.

Алдағы уақытта серіктестік аясында Қыршехир Ахи Эвран университетінің Түрік тілі, әдебиеті және мәдениеті қолданбалы зерттеу орталығын Абай атындағы ҚазҰПУ базасында ашу жоспарланған.
Екі университет арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Шетел тілдері кафедрасында магистратура деңгейінде 1+1 форматындағы қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Бағдарлама білім алушыларға академиялық ұтқырлық аясында білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.