7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Қазақстанның ұлттық стендінде 15-тен астам отандық баспаның 300-ге жуық кітабы ұсынылды. Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспагерлер мен әдебиет саласының өкілі қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Кітап жәрмеңкесі аясында Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», Оразалы Сәбденнің «Әлем, Абай, жасанды интеллект жолы» кітаптарының, «Димаш Құдайберген: Шексіз музыка», «BÖRTE. Ұлы Дала патшайымы», «Ахмет Кенесарин. Сұлтан Сыдықтың шежіресі», «Уәли хан дәуірі және Абылай ханның ұрпақтары» және басқа да туындылардың таныстырылымы өтті.

Жәрмеңкеде көркем аудармаға қатысты мәселелер де сөз болды. Сондай-ақ Contemporary Voices of Kazakhstan әдеби кездесуінде оқырман қазіргі Қазақстан әдебиетінің жаңа есімдерімен танысты.

Қазақстанның Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулының міндетін атқарушы Мұрат Тәукебаев ұлттық стендті аралап, қазақстандық делегация өкілдерімен кездесті.

Жәрмеңке барысында отандық баспагерлер шетелдік әріптестерімен қазақстандық әдебиетті халықаралық деңгейде таныту, кәсіби тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
Еске салсақ, Астанада оқушылар арасында «Кітап – білім бұлағы» эссе байқауы өтіп жатыр.