Елордада қоғамдық мүлікті бүлдірген 89 адам қамалды

1 қазан, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада қоғамдық мүлікті бүлдірген 89 адам қамалды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астаналық Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру фактілерінің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жыл басынан бері қабылданған шаралардың нәтижесінде мүлікті бүлдіргені немесе жойғаны үшін 143 тұлға анықталды. Оның ішінде 89 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар ғимараттар мен өзге де құрылыстарды, ортақ пайдаланылатын орындарды қорлағаны үшін 77 тұлға анықталып, олардың 51-і әкімшілік қамауға алынды.

Қоғамдық орындардың тазалығы мен санитариялық жағдайын сақтау мәселесі де полицияның тұрақты бақылауында. Осы бағытта ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

«Полиция рұқсатсыз салынған жазулар мен граффитилерді анықтау және жою бойынша да кешенді жұмыстар жүргізуде.

Бүгінде 159 граффити фактісі анықталып, оның 128-і боялып, бастапқы қалпына келтірілді.

Есірткі тақырыбындағы граффитиге ерекше назар аударылуда. Smart Astana қосымшасы және «Есірткіге жол жоқ» ақпараттық сервисі арқылы келіп түскен хабарламалар негізінде 151 есірткі граффитиі анықталып, жойылды», - делінген хабарламада.

Қоғамдық мүлікті бүлдіру, ғимараттарды қорлау, заңсыз граффити салу және ортақ пайдаланылатын орындарды ластау – жауаптылыққа әкеп соғатын құқық бұзушылықтар.

Астана қаласының Полиция департаменті құқық бұзушылықтың кез келген түріне жол бермеу және елорданың қауіпсіз әрі таза қалалық ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Еске сала кетейік, елордада құтқарушылар көпір доғасына шыққан ер адамды аман алып қалды.