Елордада «Тәтті ертегі» жобасы аясында шығарылған «Музей әлеміне саяхат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Storytelling әдісі негізінде құрылған кітап оқырманға өзін музей ішінде жүргендей әсер сыйлап, әрбір экспозицияны қызығушылықпен зерттеуге жетелейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – музей және білім беру ұйымдары арасындағы мәдени-ағартушылық ынтымақтастықты нығайту, жас ұрпақтың ұлттық тарих пен мәдени мұраға қызығушылығын арттыру, музей құндылықтарын білім беру үдерісімен сабақтастыра отырып, жасөспірімдердің тарихи-танымдық көзқарасын кеңейту және «Музей әлеміне саяхат» кітабының мазмұны мен тәрбиелік-ағартушылық маңызын таныстыру.

Іс-шара қонақтары Астана қаласы Білім басқармасының қызметкерлері, мектептердің басшылары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері болды.

«Тəп-Тəтті» компаниясының Маркетинг бөлімінің басшысы Алуа Әлібектің айтуынша, кез келген жақсы істің артында оған шын сенетін адамдар тұрады.
«Тəтті ертегі» де осындай сенімнен басталған еді. «Тəп-Тəтті» компаниясы мен «Қазақ тілі» қоғамын, соның ішінде Лариса ханымды біріктірген бір тілек болды: балаларымызға пайдалы дүние жасау, қазақ тілінің олардың өмірінде кішкентайынан орын алуына үлес қосу. Алғашында мүмкіндігіміз шектеулі еді. Аз ғана қаражат, бір-екі адамнан құралған команда. Есесіне, бұл істі бастауға деген ықыласымыз зор болды. Бүгін сол алғашқы қадамдарды еске алғанда, ең маңыздысы істің ауқымы емес, оның қандай ниетпен басталғаны екенін түсінесің. Біздің компанияның тарихы да осыған ұқсайды. Негізін қалаушымыз кəсіпке келгенде, бірден үлкен өндіріс ашуды немесе шетелге шығуды ойлаған жоқ. Ол адамдарға дəмді əрі таза тағам ұсынғысы келді. Əр отбасы дастарқанына сеніммен қоятын, өз баласына еш алаңдамай беретін өнім жасауды қалады. Содан бері ісіміз кеңейді, мақсаттарымыз өсті», - дейді ол.

Бүгінде «Тəп-Тəтті» компаниясы шетел нарығына да қадам басып келеді.
«Бірақ əр шешімнің алдында қойылатын бір сұрақ өзгерген жоқ: «Мен мұны өз балама берер ме едім?» «Тəтті ертегіге» де біз осы көзқараспен келдік. Өз баламызға қандай дүние ұсынғымыз келеді? Ол қандай ертегі тыңдап, қандай тілде қиялдап өссе дейміз? Балаларымыз қазақша еркін сөйлесе екен десек, тілді оларға кішкентайынан жақын етуіміз керек. Бала қазақ тілін тек сабақта емес, үйде, ойында, сүйікті ертегісінен естіп өссе дейміз. Ана тілі оның жүрегіне осындай қарапайым, жылы сəттер арқылы жол табады. «Тəп-Тəтті» үшін қоғамға пайда əкелгісі келетін адамдармен бас қосып, ортақ іс жасау əрдайым маңызды. Осы жобаның айналасына дəл сондай жандардың жиналғанына қуаныштымыз. Компания атынан Лариса ханымға, «Қазақ тілі» қоғамына жəне «Тəтті ертегінің» бастауында тұрған, бүгін де оның дамуына еңбек сіңіріп жүрген əр адамға шын жүректен алғыс айтамыз. Ісіміз берекелі болсын! Еңбегіміз балалардың қуанышына, тіліміздің өркендеуіне қызмет етсін. Алға қойған мақсаттарымызға бірге жетейік», - деді Алуа Әлібек.

Айта кетейік, шараны ҚР Ұлттық музейі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.


