Астанада «Байқоңыр» ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Ресей елшілігінің Мәдени орталығының бірлесуімен Халықаралық қарттар күніне орай «Мәдени диалог пен достық» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық дәстүрлер мен өнерді дәріптеу.


Мерекелік бағдарлама аясында орталық зейнеткерлерінің қолынан шыққан шығармашылық жұмыстар қойылған қолөнер және сурет көрмелері ұйымдастырылды. Қонақтар еңбек-терапиясы және арт-терапия үйірмелерінің туындыларымен танысты.
Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. «Армандастар», «Гүлдер» вокалдық топтары, би топтары, караоке клубының солистері және «Ата толғауы» домбыра ансамблінің қатысушылары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мәдениет пен өнерді тоғыстырған бұл кездесу достық қарым-қатынасты нығайтып, аға буынның шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.