«Вашингтон моделі» БҰҰ шартына қалай айналуы мүмкін – сарапшы пікірі

«Вашингтон моделі» БҰҰ шартына қалай айналуы мүмкін – сарапшы пікірі
Фото: ҚСЗИ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімді халықаралық деңгейде қолданудың ықтимал моделін ұсынды. Президенттің пікірінше, «Вашингтон моделі» Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қамқорлығымен жасалатын халықаралық шарттың негізіне айналуы мүмкін. Бұл туралы ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы Диас Құмарбеков айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сілтеме жасап.

Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Отырыста өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялау мәселелері қаралды.

Кеңес отырысының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары Вашингтонда қол қойған келісімді қолдайтынын айтып, оны барлық мүдделі елдердің сарапшылары мұқият зерделегеннен кейін халықаралық модель ретінде қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы Қазақстанның диалог алаңы ретінде әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанның осы бастама бойынша ортақ пайымы желтоқсанда Майамида өтетін G20 саммитінде таныстырылатынын айтты.

ҚСЗИ сарапшысы Диас Құмарбековтің айтуынша, 29 қыркүйекте қол қойылған «White House Accord on Super Intelligence» құжаты ЖИ-дің озық модельдерін әзірлейтін компанияларға қауіпсіздік бойынша бірқатар ерікті міндеттемелер жүктейді.

«OpenAI, Google, Meta, Anthropic, xAI және Nvidia компанияларының басшылары қол қойған құжат озық модельдерге қатысты бақылаудың төрт деңгейін қарастырады. Олардың қатарында ішкі қауіпсіздік бақылауы, осы рәсімдерді тексеретін ішкі команда, тәуелсіз сыртқы аудит және директорлар кеңесі комитетінің қадағалауы бар. Алайда құжатта аудиторларға қойылатын нақты талаптар, мерзімдер мен санкциялар көрсетілмеген. Дональд Трамп оны моральдық тұрғыдан міндеттейтін құжат деп атады. Сонымен бірге құжаттың өзінде болашақта бұл қадамдарды заңдар мен реттеу тетіктері арқылы бекіту мүмкіндігі айтылған», – деді Диас Құмарбеков.

Сарапшының пікірінше, бұл келісім ЖИ саласындағы ережелерді кім қалыптастыратыны туралы халықаралық пікірталас күшейген кезеңде пайда болды. Оның айтуынша, қыркүйекте 20 мемлекет пен Еуропалық комиссияның басшылары ЖИ стандарттарын белгілейтін және олардың сақталуын қамтамасыз ететін халықаралық институт құру мүмкіндігін зерделеуге шақырған. Қазақстан бұл декларацияға қосылды.

«Президенттің ұсынысы осы құжаттың басты олқылықтарының бірін оның бір елдің және жекелеген компаниялардың шеңберінен тыс қолданылу мәселесін шешуге бағытталған. Халықаралық құқық нормалары мемлекеттердің міндеттемелері арқылы қалыптасады, ал компаниялардың ерікті уәдесі оның орнын баса алмайды. Қазақстан БҰҰ қамқорлығымен жасалатын шарттың негізі ретінде америкалық құжатты ұсыну арқылы бір-біріне үйлеспейтін болып көрінген екі тәсілді біріктіруге мүмкіндік беріп отыр», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, мұндай келіссөздер үшін БҰҰ алаңында тиісті формат та бар. 2025 жылғы 26 тамызда Бас Ассамблеяның 79/325 қарарымен ЖИ жөніндегі Тәуелсіз халықаралық ғылыми топ және ЖИ-ді басқару жөніндегі Жаһандық диалог құрылды. Сарапшы бұл екі тетік әзірге нақты ережелер белгілемегенін және келіссөздерге арналған дайын мәтіннің жоқ екенін атап өтті.

«Қазақстанның бастамасы осы құрылымдарға нақты жұмыс тақырыбын ұсына алады. Сонымен бірге халықаралық ережелер нарықтың бір бөлігіне ғана қатысты болып қалмауы үшін АҚШ пен Қытай сияқты технологиялық орталықтардың ұстанымдарын ескеру маңызды. Мемлекет басшысының келісімді барлық мүдделі елдердің сарапшылары мұқият зерделегеннен кейін модель ретінде қарастыру жөніндегі ұсынысы осыған мүмкіндік береді. Яғни бұл жерде дайын құжатты басқа мемлекеттерге қабылдату емес, оның жұмыс істейтін элементтерін халықаралық келіссөздерге шығару туралы сөз болып отыр», – деді Диас Құмарбеков.

Сарапшы Қазақстанның мұндай диалог алаңы болуға дайындығының тәжірибелік негізі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз бұған дейін халықаралық келіссөздер үшін алаң ұсынған. 2017 жылдан бері Астанада Сирия мәселесін реттеу жөніндегі халықаралық кездесулер өтіп, 2024 жылғы мамырда Алматыда Армения мен Әзербайжан сыртқы істер министрлерінің келіссөздері ұйымдастырылды.

«Жасанды интеллект саласындағы бағыт та осындай жүйелі диалогты қажет етеді. Қазақстан шілде айында Шанхайда ЖИ-ді реттеу мен стандарттау бойынша тұрақты сараптамалық платформа құруға шақырды. Ал 1 қыркүйекте «ШЫҰ плюс» саммитінде әртүрлі орталықтар арасындағы диалогқа ықпал ете алатын орта державалардың рөліне назар аударылды. Вашингтон құжатын қолдау осы бағытты толықтыра алады, өйткені ЖИ ережелері жөніндегі келіссөздер алаңына технологиялық ірі орталықтардың да сенімі қажет», – деп түсіндірді ҚСЗИ сарапшысы.

Диас Құмарбеков бұл бастаманың Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысының тақырыбымен де тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-ді өнеркәсіптік процестерге енгізу технологияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де қатар қояды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын 5,1 мың кәсіпорын немесе есеп берген кәсіпорындардың 3,4 пайызы қолданған.

«ЖИ өндірісті басқару жүйелеріне интеграцияланған кезде оның қауіпсіздігі технологияны сатып алудың міндетті шартына айналады. Тапсырыс беруші жүйенің қандай сынақтардан өткенін және ақау анықталған жағдайда бұл туралы кім хабарлайтынын білуі тиіс. Ал импорттық модельдің ішкі құрылымын пайдаланушы ел толық көре алмайды. Сондықтан халықаралық деңгейде мойындалған аудит жүйесі технологияны сатып алатын мемлекеттер үшін маңызды құрал бола алады. Келісілген талаптар бойынша жүргізілген аудит әрбір модельге жеке-жеке толық сараптама жүргізу қажеттілігін азайтар еді», – деді сарапшы.

Диас Құмарбеков Қазақстанның G20 құрамына кірмейтінін, бірақ 14–15 желтоқсанда өтетін саммитке қонақ ретінде шақырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар АҚШ төрағалығының үш басым бағытының бірі болғандықтан, Қазақстанның бастамасы саммиттің күн тәртібімен де үндеседі.

Сарапшының пікірінше, желтоқсанға дейін дайындалатын ұсыныстар саммитпен ғана шектелмейді. БҰҰ-ның ЖИ-ді басқару жөніндегі Жаһандық диалогының екінші сессиясы 2027 жылғы мамырда Нью-Йоркте өтеді.

Осы тұрғыдан алғанда, «Вашингтон моделін» халықаралық деңгейде талқылау Қазақстанға ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі ережелерді әзірлеу процесіне қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл бастама елдің ішкі цифрлық трансформациясы мен халықаралық технологиялық күн тәртібін өзара байланыстыруға жол ашады.