Астанада Нұржамал Үсенбаеваның II халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр

Астанада Нұржамал Үсенбаеваның II халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр
Фото: Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония

Қазан айының басында Астанада академиялық вокал өнері саласындағы айтулы оқиғалардың бірі Нұржамал Үсенбаеваның ІІ Халықаралық вокалистер байқауы ашылды. Байқауды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония 1-4 қазан аралығында өткізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

1 қазанда байқаудың салтанатты ашылу салтанаты болып, төрайымы, Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұржамал Үсенбаева бастаған қазылар алқасының мүшелері әлемдік опера классикасының тамаша үлгілерін орындады. Құттықтау сөзімен ҚР Құрылтай депутаты Ерлан Саиров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Қазақстанның халық әртісі Хорлан Қалиламбекова сөз сөйледі.

Байқауға әлемнің түрлі елдерінен келген 20-35 жас аралығындағы барлық дауыс түріндегі кәсіби вокалистер қатысады.

Байқаудың мақсаты – қазақстандық мәдениетті халықаралық кеңістікте таныту, ұлттық вокалдық мектептің үздік дәстүрлерін сақтау, дамыту және жалғастыру.

Байқаудың негізгі міндеттері – дарынды жас әншілерді анықтау және қолдау, жаңа таланттарды таныту, орындаушылық шеберлікті жетілдіру, ұлттық вокалдық мектепті озық халықаралық тәжірибемен байыту, қазақстандық композиторлардың шығармашылық мұрасын насихаттау және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту.

Байқау жас орындаушылар үшін үлкен шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды алаңға айналмақ. Оның лауреаттары кәсіби шығармашылық жолында жаңа белестерді бағындыруға, жетекші театрлармен және концерттік ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алады.

Байқаудың қазылар алқасы әлемдік музыкалық өнердің көрнекті өкілдерінен құралған.

Қазылар алқасының төрайымы – Нұржамал Үсенбаева (Қазақстан)

Қазақстан Республикасы мен Татарстан Республикасының Халық әртісі, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еуропалық өнер одағының көркемөнер және мәдениет саласындағы ең жоғары марапаты – Golden Europea сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның солисі.

Джордж Пехливанян (АҚШ, Франция)

Әлемге танымал дирижер, Безансон халықаралық дирижерлер байқауының Гран-при иегері, Париж ұлттық жоғары музыка және би консерваториясының профессоры. Әлемнің жетекші симфониялық оркестрлері мен опера театрларымен жұмыс істеген.

Анна Самуил (Германия)

Берлиндегі Staatsoper Unter den Linden мемлекеттік опера театрының солисі, Ханс Айслер атындағы Жоғары музыка мектебінің профессоры. Вена мемлекеттік операсы, Бавария мемлекеттік операсы, Ла Скала театры және әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсеткен.

Джанни Леччезе (Италия)

Италиялық тенор, әлемдік опера репертуарындағы жетекші партиялардың орындаушысы. Арена ди Верона қорының Erbe Award сыйлығының «Жаңа буын теноры» аталымы бойынша лауреаты, Oltre Lirica Music Festival халықаралық фестивалінің көркемдік жетекшісі.

Марат Ғали (Ресей)

Ресей Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының солисі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі. П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі, әлемдік опера репертуарындағы жетекші партиялардың орындаушысы.

Ши Хэн (Қытай)

Опералық баритон, режиссер және педагог, Шанхай консерваториясының доценті, халықаралық вокалдық байқаулардың лауреаты, Франциядағы FIALA халықаралық опера фестивалінің негізін қалаушы.

Дейвидас Стапонкус (Литва)

Литва музыка және театр академиясының профессоры, Литва ұлттық опера және балет театрының көп жылғы солисі, Vilnius мемлекеттік хорының жетекшісі, халықаралық байқаулардың лауреаты.

Байқауға өтінім қабылдау 5 қыркүйекте аяқталды. Іріктеу кезеңіне әлемнің 11 елінен 85 өтінім келіп түсті. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай, Германия, АҚШ, Италия, Литва, Қырғызстан және Түркия бар. І турға 30 вокалист жолдама алды.

Байқау тыңдаулары Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық және концерттік залында өтеді. Сонымен қатар қазылар алқасы мүшелерінің шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Байқаудың басты ерекшеліктерінің бірі – финалистердің Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуі. Оркестрге Қазақстанның Халық әртісі, оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Абзал Мұхитдин дирижерлік етеді.

Нұржамал Үсенбаеваның ІІ Халықаралық вокалдық өнер байқауы 4 қазанда лауреаттар мен қазылар алқасы мүшелерінің қатысуымен өтетін салтанатты Гала-концертпен қорытындыланады.

Байқаудың бас жүлдесі – 5 000 000 теңге.

Сонымен қатар «Мир через культуру» халықаралық қауымдастығы қазақстандық композиторлардың шығармаларын үздік орындаған қатысушыға арнайы ақшалай сыйлық тағайындаған.

Байқаудың барлық іс-шараларына кіру тегін.

Еске сала кетейік, Астанада Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешеваның 75 жылдығына арналған TEATP ALL IV халықаралық театр фестивалі басталды.