Сарапшы: «Вашингтон моделі» ЖИ қауіпсіздігін реттеудің халықаралық негізіне айналуы мүмкін

Сарапшы: «Вашингтон моделі» ЖИ қауіпсіздігін реттеудің халықаралық негізіне айналуы мүмкін
Фото: ҚСЗИ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық шарт әзірлеу кезінде АҚШ-тағы ірі технологиялық компаниялардың ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімін негіз ретінде қарастыруды ұсынды. Бұл туралы ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сілтеме жасап.

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысының «Вашингтон моделін» халықаралық деңгейге шығару жөніндегі ұсынысы ЖИ-ді реттеудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі жасанды интеллектіні әзірлеу мен қолдануға байланысты тәуекелдер жекелеген мемлекеттердің шекарасымен шектелмейді.

«ЖИ технологияларын әзірлеу жекелеген елдер мен компанияларда шоғырланғанымен, оларды қолданудың салдары мен соған байланысты тәуекелдер ұлттық шекаралардан әлдеқайда асып түседі. Сондықтан жасанды интеллектіні қауіпсіз дамыту мемлекеттер мен технологиялық бизнес тарапынан келісілген ұстанымдарды талап етеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы ерікті міндеттемелерден халықаралық ережелердің неғұрлым кең жүйесіне көшу перспективасын ашады», – деп атап өтті Жанар Тулиндинова.

Қазақстан бұл бағытта халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсынуға дайын. Президент Кеңес мүшелеріне елдің халықаралық бастамасына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ортақ ұстаным желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылмақ.

«Бұл бастама Қазақстанның жаһандық технологиялық дамудың шарттарын айқындайтын ережелерді қалыптастыру үдерісіне белсенді қатысуға дайын екенін көрсетеді. Халықаралық деңгейдегі келісілген қағидалар ЖИ технологияларын қауіпсіз әрі жауапты қолданудың ортақ негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ҚСЗИ сарапшысы.

Сараптама авторы Президенттің ұсынысы Қазақстанның ішкі экономикалық күн тәртібімен де тікелей байланысты екенін атап өтті. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында өнеркәсіпті терең цифрлық трансформациялау мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды.

Президент келтірген БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі есебіне сәйкес, ЖИ әлемдік экономиканы өзгертетін негізгі трансформациялық мегатрендтердің біріне айналып отыр. Соңғы бес жылда жасанды интеллектіге қатысты патенттерге өтінімдердің жалпы көлеміндегі үлес шамамен үш есеге өскен.

«Бәсекеге қабілеттілік барған сайын кәсіпорындардың жаңа технологияларды жедел енгізу және өндіріс тиімділігін арттыру қабілетіне байланысты болып отыр. Қазақстан үшін бұл – нақты экономикалық міндет. ЖИ енгізудің негізгі өлшемі технологияның өзі емес, оның еңбек өнімділігіне, өндіріс тиімділігіне және қосылған құны жоғары өнім шығаруға ықпалы болуы тиіс», – деп жазды Жанар Тулиндинова.

Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша шамамен 46 трлн теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 8,4%-ға өскен. Сарапшының айтуынша, бұл өсімнің қарқынын сақтау үшін кәсіпорындарды жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру және өндірістегі технологиялық шешімдерді кеңінен енгізу маңызды.

Осы ретте Президент өндірісті цифрландырудағы фрагменттелген тәсіл мәселесіне назар аударды. Жекелеген операцияларды автоматтандыру өндірістің бұрынғы моделін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, табысты шешімдерді кейіннен ауқымдау үшін негізгі бизнес-процестерді ЖИ негізінде кешенді трансформациялауға болатын кәсіпорындарды анықтау тапсырылды.

«Жасанды интеллектіні енгізу жекелеген операцияларды автоматтандырумен шектелмеуі керек. Нақты нәтиже кәсіпорынның негізгі бизнес-процестері өзгерген кезде пайда болады. Сондықтан табысты шешімдерді анықтап қана қоймай, оларды кейін басқа кәсіпорындарға ауқымдау тетігін де қалыптастыру маңызды», – деді ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы.

Сараптама авторы ғылым мен өндірістің байланысын күшейтудің де маңызын атап өтті. Qazaq AI Research University зерттеу бағдарламалары экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Ол үшін өндірістегі күнделікті мәселелерді – жабдықтардың тоқтап қалуын, шығындарды, ақауларды және басқа да проблемаларды тікелей көріп жүрген инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлардың тәжірибесін ескеру қажет.

Технологиялық командалар үшін міндетті анықтаудан бастап, деректерге қолжетімділік, кәсіпорында сынақтан өткізу және экономикалық тиімділікті бағалауға дейінгі толық циклді қалыптастыру ұсынылады.

«Ғылым мен өндірістің байланысы нақты проблемадан басталуы тиіс. Кәсіпорынның өзінде туындайтын міндеттерді анықтап, сол мәселеге технологиялық шешім әзірлеу, оны өндірісте сынау және экономикалық тиімділігін бағалау қажет. Тексерілген шешімдерді артық келісулерсіз және ұқсас жағдайларда қайта сынақтан өткізбей коммерциялық қолданысқа жедел енгізу технологиялық жаңғыртудың қарқынын арттырады», – деп атап өтті сарапшы.

Жанар Тулиндинованың пікірінше, «Вашингтон моделін» қолдау Қазақстанның технологиялық жаңғырту күн тәртібін халықаралық деңгейдегі бастамалармен толықтырады. ЖИ өндіріс пен басқару жүйелеріне тереңірек енген сайын, технологияға деген сенім, оның қауіпсіздігі және қолдануға жауапкершілік мәселелері де өзекті бола түседі.

Сондықтан Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту ережелері жөніндегі халықаралық диалогқа қатысу тек дипломатиялық бастама емес, елдің технологиялық және экономикалық бәсекеге қабілеттілігін нығайту жұмысының бір бөлігі ретінде қарастырылады.