Астанада №1 автобус паркінің қызметкерлері арасында күзгі спартакиада басталды

Астанада №1 автобус паркінің қызметкерлері арасында күзгі спартакиада басталды
Фото: «№1 Автобус паркі» АҚ

Астанадағы «№1 Автобус паркі» АҚ қызметкерлері арасында күзгі спартакиада басталды. Автомобиль көлігі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған жарыс 2-17 қазан аралығында спорттың 10 түрінен өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы автобус жүргізушілері мен кәсіпорынның өзге де мамандары күнделікті жұмысынан бөлек, спорт алаңында бақ сынайды. Спартакиада бағдарламасына мини-футбол, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту, армрестлинг, гір көтеру және дартс енгізілген.

Спартакиаданың ашылу салтанатында «№1 Автобус паркі» АҚ Басқарма басшысы Абат Шыныбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттық іс-шаралардың ұжым бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

Ашылу рәсімінде «Алтын домбыра» ұлттық өнер мектебінің 50 домбырашысы «Балбырауын» және «Еркесылқым» күйлерін орындады.

Алғашқы жарыс мини-футболдан өтті. Оған кәсіпорынның 9 командасы қатысып, 100-ден астам қызметкер алаңға шықты.

Жарыс қорытындысы бойынша:

I орын – «Сұңқар» командасы;

II орын – «Бірлік» командасы;

III орын – «Намыс» командасы.

Спартакиадаға «Бірлік», «Тайбурыл», «Сұңқар», «Тұлпар», «Эталон», «Арлан», «Арыстан», «Намыс» және «Абырой» командалары қатысып жатыр.

Жарыстың қалған спорт түрлері бойынша үздіктер 17 қазанда анықталып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталады.

Кәсіпорынның мәліметінше, мұндай спорттық іс-шаралар қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастырумен қатар, ұжымдық байланысты нығайтып, корпоративтік мәдениетті дамытуға бағытталған. Бұған дейін кәсіпорында жазғы спартакиада қала күні қарсаңында ұйымдастырылған.

Айта кетейік, «№1 Автобус паркі» АҚ – тарихы елорданың дамуымен тығыз байланысты кәсіпорындардың бірі. Қазір Астанада тәулігіне 1100-1200-ден астам қоғамдық көлік рейске шықса, оның 835-і №1 автобус паркіне тиесілі.

Кәсіпорын күн сайын қала тұрғындары мен қонақтарына 78 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Оның 44-і қалалық, 26-сы қала маңы және 7-еуі экспресс бағыттар. Кәсіпорын автобустарын тәулігіне шамамен 500 мың жолаушы пайдаланады.

Бұған дейін №1 автобус паркінің түнгі тіршілігі туралы репортаж жазғанбыз.