Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Іс-шараға Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының және ведомствоға қарасты ұйымдардың 100-ден астам қызметкері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенбілікке Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Astana Invest, Astana Tourism, Астана қаласын дамыту орталығы және «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері шықты.

Акция барысында ұйымдарға бекітілген аумақтар тазартылып, жасыл желектер отырғызылды.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Құрмашевтің айтуынша, басқарма қызметкерлері мұндай жұмыстарға жыл сайын белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар елордалық шағын және орта бизнес субъектілерін жыл бойы қала тазалығын сақтауға тарту жұмыстары жүргізіледі.
«Біз жыл сайын белсенді қатысып қана қоймай, шағын және орта бизнес субъектілерін жыл бойы қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтауға тартамыз. Елордалық кәсіпкерлерге жыл мезгілдерінің ерекшеліктеріне бейімделген, жыл бойы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге арналған ұсынымдар жазылған чек-парақтар әзірленді», – деді Қуандық Құрмашев.
Акцияға қатысушылар қаладағы тазалық пен тәртіп әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Олар Астана тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға және қаланы абаттандыруға бірлесіп атсалысуға шақырды.

Бұған дейін Астанадағы «Көктал» саябағында 640-тан астам ағаш отырғызылғанын жаздық.