Қазақстандық жасанды интеллект мамандары мен кәсіпкерлері әлемдік AI индустриясының сарапшысы, 01.AI негізін қалаушы Кай-Фу Лимен және оның командасымен тікелей жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мүмкіндік Astana Hub, Q.AI және 01.AI арасындағы жаңа серіктестік аясында іске қосылады. Алғашқы менторлық бағдарламаға 20-25 маман мен кәсіпкер қатысады.
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында Astana Hub, Q.AI және 01.AI жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Q.AI Research Lab зерттеу зертханасының Халықаралық жасанды интеллект орталығы alem.ai базасында ашылуына орай рәсімделді. Меморандумға Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун және 01.AI негізін қалаушы доктор Кай-Фу Ли қол қойды.
Алғашқы менторлық бағдарламаға жасанды интеллект және машиналық оқыту саласындағы мамандар, сондай-ақ AI-стартаптардың негізін қалаушылары қатысады. Олар шағын топтарға бөлініп, Кай-Фу Ли мен 01.AI сарапшыларымен бірлесіп технологиялық шешімдерін жетілдіреді, өнімдерін дамытады және халықаралық нарыққа шығуға дайындалады.
Мұндай формат әр жобаның даму кезеңіне қарай нақты міндеттерін талқылап, сарапшылардан практикалық ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
«Q.AI Research Lab зертханасының ашылуы Қазақстандағы ЖИ сараптамасы мен технологиялық командаларды дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Алғашқы менторлық бағдарлама аясында қазақстандық ЖИ мамандары мен стартап негізін қалаушылары доктор Кай-Фу Лимен және 01.AI сарапшыларымен тікелей жұмыс істеп, өз шешімдерін жетілдіре алады. Бұл халықаралық тәжірибені қазақстандық мамандар мен командаларға беруге және елімізде өзіміздің ЖИ шешімдерімізді дамытуға жағдай жасайды», – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.
Ал Кай-Фу Ли технологиялық өнімді дамытуда нақты мәселені шешудің маңызына тоқталды.
«Мықты AI өнім нақты бір мәселені түсінуден және оны шешуден басталады. Қатысушылармен жұмыс барысында әзірлеменің пайдаланушылар үшін құндылығын тексеруге, оны қолданудың перспективалы сценарийлерін таңдауға және тұрақты бизнес-модель қалыптастыруға назар аударамыз. Командалардың негізделген шешім қабылдап, өнімнің табысына тікелей әсер ететін бағыттарға күш жұмылдыруы маңызды», – деді 01.AI негізін қалаушы доктор Кай-Фу Ли.
Q.AI Research Lab тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналып, ЖИ шешімдерін әзірлеуге, халықаралық тәжірибе алмасуға және қазақстандық технологиялық командаларды дамытуға бағытталады.
«Біздің міндетіміз – халықаралық ЖИ сараптамасын Қазақстанға әкелумен ғана шектелу емес, оны отандық мамандарға жеткізіп, жаңа өнімдерге айналдыру. Q.AI Research Lab арқылы қазақстандық әзірлеушілер мен кәсіпкерлер әлемдік деңгейдегі сарапшылармен тікелей жұмыс істеп, өз идеяларын сынақтан өткізіп, шешімдерін жаһандық нарыққа шығаруға дайындай алады», – деді Q.AI бас директоры Дмитрий Мун.
Алдағы уақытта Astana Hub, Q.AI және 01.AI жасанды интеллект мамандарын даярлауға және Қазақстанда бәсекеге қабілетті технологиялық өнімдер әзірлеуге бағытталған бірлескен зерттеу және білім беру бастамаларын дамытуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы 1-3 қазан аралығында Астанада өтіп жатыр. Форум Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы AI MONTH іс-шаралар айының негізгі халықаралық шарасы саналады.