«Қараөткел» газеті қалай құрылған еді: Алдан Смайылдың естелігі

3 қазан, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Қараөткел» газеті қалай құрылған еді: Алдан Смайылдың естелігі
Фото: Думан Аманжол

1980 жылдардың соңында Целиноградта (бүгінгі Астана) бір топ қазақ азаматы елдегі тіл мен ұлттық мәдениеттің жағдайына алаңдай бастады. Солардың қатарында жазушы, публицист Алдан Смайыл да болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Қаламгердің айтуынша, ол кезде қалада қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар, жоғары оқу орындары мен театрлар жоқ еді.

«Біз неге бас көтермейміз, неге өзіміздің мақсат-мұратымызды алға қоймаймыз? Облыста қазақ тілі үшін неге күреспейміз? Қазақша сөйлейтін адам қалмай бара жатыр. Қазақша балабақша, мектеп, институт, театр жоқ. Осылай жүре береміз бе?» деген мәселені өзара талқылағанбыз», - деп еске алады қаламгер.

Осы кезеңде Алдан Смайылдың мақалалары да қоғамдағы ұлттық мәселелерді көтере бастады. Оның айтуынша, бірде «Коммунизм нұры» газетінің редакциясына облыстық атқару комитетінде қызмет еткен Жеңіс Кәрібаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс істеген Қанат Қалиев келеді. Олар қаламгердің мақалаларын оқып, ұстанымын білетінін айтып, «Қазақ» қоғамын құру туралы ұсыныс жасаған.

«Қоғам құру үшін алдымен оның жарғысын дайындау қажет болды. Кейін Қанат Қалиев бір колхоздың жарғысын алып келді. Мен соның негізінде жаңа қоғамдық ұйымның жарғысын жазып шықтым. Алайда құрылтай өткізетін орын табу оңайға соқпады. Алдымен мектепке бардық, кейін редакция мен институттан орын сұрадық. Бірақ ешқайсында рұқсат берілмеді. Кейін құрылтайды Пионерлер сарайында өткізуге мүмкіндік туды», - дейді Алдан Смайыл.

Оның айтуынша, «Қазақ» қоғамының құрылтайы 1990 жылғы 13 маусымда өтті. Сол жиында ол баяндама жасаған. Құрылтайға белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов те қатысып, қоғамды қолдайтынын айтқан.

«Қазақ» қоғамының жұмысына белсене араласқан Алдан Смайыл кейін облыстық «Коммунизм нұры» газетінен кетіп, қоғамдық жұмысқа толықтай ден қояды. Осы кезеңде ол «Қараөткел» газетін құру туралы шешім қабылдайды. Қаламгердің айтуынша, бұған ең алдымен қоғам көтерген мәселелерді халыққа кеңінен жеткізу қажеттілігі себеп болған.

«Біздің үнімізді ел естуі керек болды. Ол кезде бізді ешкім насихаттамайды. Біз айтып отырған мәселе – Ақмоланың атын қайтару, барлық жерде қазақ балабақшаларын ашу, алдымен қазақ сыныптарын, кейін қазақ мектептерін құру, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беруді қамтамасыз ету және қазақ театрын ашу еді», – деп еске алады жазушы. 

Ол сол кезде тұрақты жұмыстан кетудің тұрмысына кері әсер ететінін түсінгенімен, бұл шешімді саналы түрде қабылдағанын айтады. Оның пікірінше, жауапкершілік алған соң «Қазақ» қоғамына көтерілген мәселелерді халыққа жеткізудің жолын табу қажет болды.

Осылайша 1990 жылдың күзінде «Қараөткел» газеті жарық көрді. Басылымға халық жаппай жазылып, оның таралымы облыстық газеттің көрсеткішінен асып кеткен. Газет облыстың барлық аудандарына тараған.

«Қараөткел» арқылы «Қазақ» қоғамы көтерген мәселелер тұрақты түрде жарияланып отырды. Сонымен қатар басылым біртіндеп Ақмоланың тарихына, өңірдің өнері мен мәдениетіне назар аудара бастады. Бұған дейін көп айтыла бермеген жергілікті ақындар мен жыраулардың шығармалары іздестіріліп, газет бетінде жарияланды. Алайда, басылымға тұрақты жұмыс істейтін журналистерді жинау оңай болмады. Сондықтан әр жерде жүрген азаматтар газетке материал жазып тұрды. Уақыт өте келе қоғамдағы мәселелер туралы өз ойын айтқысы келген азаматтардың да белсенділігі арта түсті», - дейді ол.

Алдан Смайылдың айтуынша, газетте көтерілген мәселелер біртіндеп оқырманның қолдауына ие болды. Сол кезеңде қаламгер қазақ театрын қайта құру мәселесін де көтерген. Оның айтуынша, Ақмолада 1946 жылға дейін қазақ театры болған. Соғыстан кейін театр өзін-өзі ақтамайды деген себеппен жабылған. Алдан Смайыл осы тарихи театрды қайта қалпына келтіру мәселесін облыстық партия комитетінің алдына қойып, нәтижесінде қазақ театрының қайта құрылуына ықпал еткен.

«Жабылған театр қайта құрылуы керек дедім. Содан театрды қайта құрғыздық», – дейді ол.

«Қараөткел» газеті 1995 жылы жұмысын тоқтатты. Қаламгердің айтуынша, ол кезде тәуелсіз басылымдарды ғана емес, мемлекеттік газеттерді де қаржыландыру және тарату қиын болған. Таралымдар азайып, басқа өңірлерде құрылған «Қазақ» қоғамдарының газеттері де біртіндеп тоқтай бастаған.

Қаламгердің журналистік жолында Астана баспасөзінің қалыптасу кезеңі де ерекше орын алады

Сол жылдары «Коммунизм нұры» газеті шығып тұрды. Астана елорда мәртебесін алғаннан кейін басылым Көкшетауға көшірілген.

1990 жылғы 13 қазаннан бастап «Ақмола ақиқаты» газеті жарық көрді. Кейін басылымға Алдан Смайылдың жұбайы, журналист Жұмагүл Саухат шақырылып, редактор қызметін атқарған. Оның кезінде газет «Астана ақшамы» деген атауға ие болып, республикалық деңгейдегі басылымға айналған.

Кейін Жұмагүл Саухатқа «Астана» журналын құру туралы ұсыныс жасалған. Ол басылымды өзі ұйымдастырып, ұзақ жылдар бойы бас редакторлық қызмет атқарған. Журнал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көріп, халықаралық аудиторияға бағытталған басылымға айналды. Алдан Смайылдың айтуынша, «Астана» журналы бір кезеңде 23 елге тараған. Сондай-ақ «Air Astana» әуе компаниясымен келісім жасалып, журнал ұшақтың борттық басылымы ретінде де таратылды. 

Осылайша, Алдан Смайылдың айтуынша, оның журналистік жолындағы «Қараөткел» газетін құрудан басталған бастамалар кейін елордадағы газет-журналдардың дамуына жалғасты. Қаламгер бұл кезеңдегі атқарған қызметін журналист ретінде қоғам алдындағы міндеттерінің бірі деп бағалайды.