Ақмола облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз құмар ойын ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, ер адам материалдық пайда табу мақсатында Instagram-да аккаунт ашып, бір жыл бойы құмар ойындарға қатысты хабарландырулар орналастырған және тікелей эфир арқылы ойын өткізген.
Ойынға қатысу үшін 100-ден 2100 теңгеге дейін ұтыс тігілген. Ойынға төрт адам қатысқан. Жеңімпаз ең жоғары ұтыс көрсетілген картасы бар ойыншы ретінде анықталған. Жүлде қоры барлық қатысушының тіккен қаражаты есебінен қалыптасып, одан ұйымдастырушының пайызы ұсталған.
Қылмыстық жолмен алынған кірістің жалпы сомасы 90,6 млн теңгеден асқан.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-бөлігінің 3) тармағында көзделген заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар қала прокурорының заңсыз алынған кірісті өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылды.
Бас прокуратура арнайы лицензиясыз интернетте құмар ойындар мен лотереялар ұйымдастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып саналатынын еске салады.
Заңсыз ойын бизнесінен, оның ішінде Instagram және TikTok арқылы табыс табу мүлікті тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруға, сондай-ақ 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында құмар ойын ойнаған мемлекеттік қызметшілер анықталғаны хабарланған еді.