Астанада сот үкімімен тағайындалған айыппұлдардың 50%-ы өндірілді - Мөлдір Есенқұлова

Бүгін, 12:29
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада сот үкімімен тағайындалған айыппұлдардың 50%-ы өндірілді - Мөлдір Есенқұлова
Фото: қалалық Коммуникациялар қызметі

Астанада сот үкімдері бойынша айыппұлдарды орындау және рақымшылық қолдану жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, жыл басынан бері департаменттің мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде сот үкімдері бойынша тағайындалған айыппұлдарды өндіруге қатысты 44 атқарушылық іс жүргізу өтті. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Мөлдір Есенқұлова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің сөзінше, мәжбүрлеп орындату шараларының нәтижесінде 22 атқарушылық іс толық аяқталды. Орындаудың нақты тиімділігі 50%-ды құрады. Қалған 22 атқарушылық іс бойынша заңнамада белгіленген өндірістік және процестік әрекеттер жалғасуда.

Мөлдір Есенқұлова сот үкімі бойынша айыппұлды төлеу тәртібін түсіндірді. 

«Сот үкімімен тағайындалған айыппұл қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс жасағаны үшін қолданылатын жаза түрлерінің бірі болып табылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталған азамат үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір ай, яғни 30 күн ішінде айыппұлды ерікті түрде төлеуге міндетті. Белгіленген мерзімде айыппұл төленбеген жағдайда атқарушылық құжат мәжбүрлеп өндіру үшін мемлекеттік сот орындаушысына беріледі. Айыппұлды орындауға ұсынудың ескіру мерзімі қылмыстың ауырлығына байланысты белгіленеді. Қылмыстық теріс қылықтар бойынша бұл мерзім бір жылды, онша ауыр емес қылмыстар бойынша үш жылды, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша алты жылды, ауыр қылмыстар бойынша он жылды, аса ауыр қылмыстар бойынша 15 жылды құрайды», - деді ол. 

Қарызды өндіріп алу кезінде мәжбүрлеу шаралары қолданылады. 

«Борышкер айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда мемлекеттік сот орындаушылары заңнамада көзделген мәжбүрлеп орындату шараларын қолданады. Олардың қатарында банктегі шоттарға және жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке тыйым салу, сондай-ақ борышкердің жұмыс орны анықталған жағдайда жалақысы мен өзге де кірістерінен өндіріп алу шаралары бар. Егер сотталған азамат айыппұлды төлеуден әдейі жалтарса, мемлекеттік сот орындаушысы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 470-бабына сәйкес сотқа айыппұлды жазаның басқа түріне ауыстыру туралы ұсыным енгізеді. Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 41-бабы негізінде төленбеген айыппұлды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына, бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға ауыстыруға құқылы», - деді спикер.

Спикер рақымшылық қолдану бойынша 7 ұсыным жолданғанын айтты.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы 2026 жылғы 1 шілдедегі №329-VIII Заңын орындау мақсатында департаменттің мемлекеттік сот орындаушылары сот үкіміне сәйкес айыппұлдың өтелмеген бөлігіне рақымшылық қолдану мәселесі бойынша аудандық соттарға ұсынымдар жолдауда. Бүгінгі таңда 7 атқарушылық құжат бойынша ұсыным жолданды. Оның ішінде 3 борышкерге қатысты сот рақымшылық қолдану туралы қаулы шығарды. Қалған 4 ұсыным сотта қаралуда. Рақымшылық негізінен қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолданылады. Сонымен қатар заңнамада белгіленген шектеулерге сәйкес рецидивистерге, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік және аса ауыр қылмыс жасаған тұлғаларға рақымшылық қолданылмайды», - деді Мөлдір Есенқұлова.

Ол сондай-ақ аталмыш шаралар сот актілерін орындау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге және рақымшылық туралы заң талаптарын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

Департаменттің мемлекеттік сот орындаушылары сот шешімдерінің заңда белгіленген тәртіппен уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.