Ұстаздар күні қарсаңында алаяқтар жаңа схеманы қолдана бастаған. Бұл туралы Бас прокуратура азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шетелдік дереккөздердің хабарлауынша, алаяқтар мұғалімдерге арналған тиімді сыйлықтарды ұсынатын жалған интернет-дүкендердің сілтемелерін таратып жатыр.
Алаяқтық схемада жасанды интеллект те қолданылуда. Қылмыскерлер жоқ тауарлардың суреттерін жасап, жалған сайттарды шынайы дүкендерге барынша ұқсатып қояды. Ал сатып алушыларға сатушының орнына чат-бот жауап береді.
Құқық қорғау органдары мұндай сайттар арқылы төлем жасаған жағдайда азаматтардың ақшасынан да, тапсырысынан да айырылып қалуы мүмкін екенін ескертеді.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін:
- күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз және көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз;
- пароль, PIN-код, банк картасының CVV-коды мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеңіз;
- сайт пен сатушының сенімді екеніне көз жеткізбей тұрып алдын ала төлем жасамаңыз;
- тапсырыс туралы ақпаратты дүкеннің ресми сайты немесе қосымшасына өзіңіз кіріп тексеріңіз.
«Егер банк картасының деректері бөгде адамдарға беріліп қойса немесе күмәнді ақша шешілгені анықталса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау қажет. Сонымен қатар болған жағдай туралы полицияға жүгінген жөн», - деп ескертті Бас прокуратура.
Еске салсақ, енді кепілсіз онлайн-қарыздарды рәсімдеу кезінде сауалнама алынатынын жаздық.