Бүгін елордада Халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым, аман-сау жүрші!» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдерін ұлықтау, қарияларға құрмет көрсету, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу және белсенді өмір салтын насихаттау.
«Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Мақпал Тұрақбайқызының айтуынша, орталық 2021 жылы ашылған. Бүгінде оның құрамында 6 мыңнан астам адам бар.

«Қыркүйек айының өзінде 1169 адам орталықтың қызметін пайдаланды. Қазір мұнда 10 түрлі қызмет түрі және 17-ден астам клуб жұмыс істейді. Зейнеткерлер спортпен шұғылданып, шығармашылықпен айналысады, хорда ән айтады, сурет салады. Көпшілігі орталыққа келгеннен кейін денсаулығы жақсарғанын, емханаға бару азайғанын айтып жүр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», – деді Мақпал Тұрақбайқызы.

Мерекелік шарада қарияларды «Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жетекші маманы Мақпал Тұрақбайқызы, «Есіл» ауданы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа Өстемірова және «Ауыл» партиясының Астана қалалық өңірлік филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов құттықтады.
Сондай-ақ Ұлан Әбдіханов 80 жастан асқан зейнеткерлерге «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальдар мен сый-сияпаттар табыстады.
«Біз жыл сайын қарияларға сый-құрмет көрсетіп келеміз. Аға буын өкілдеріне құрмет көрсету – біздің парызымыз. Осы ретте «Есіл» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп келеміз. Ондағы қариялармен бірге түрлі іс-шараларға қатысып, бірлескен жұмыстар атқарып жүрміз. Осы орайда қарияларға алғысымызды білдіріп, бірқатар аға буын өкілдерін мерекелік медалімізбен марапаттадық», - деді Ұлан Әбдіханов.
Мерекелік бағдарлама барысында домбыра күйлері орындалып, дәстүрлі және эстрадалық әндер шырқалды. Сонымен қатар би қойылымдары, ұлттық киімдер шеруі және шығармашылық ұжымдардың өнері көрермен назарына ұсынылды.

Орталық мүшесі, зейнеткер Мәрия Ғариполлақызы мұнда екі жылдан бері тұрақты қатысып жүргенін айтты.
«Әртүрлі мәдени іс-шараларға қатысамыз. Мен «Қазына» фольклорлық ансамблінің мүшесімін. Бүгін ансамбльмен бірге «Ақбұлақ» әнін орындаймыз. Бұл орталық мен үшін өте пайдалы болды. Үйде отырып қалмай, өзімізді дамытып, Астана төрінде өнерімізді көрсетіп жүрміз. Көңіл-күйіміз көтеріліп, белсенді өмір сүріп келеміз. Барша қарияларға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеймін», – деді ол.
Ал 70 жастағы Оразкүл Дайрабаева мерекелік шарада ұлттық киімдер дефилесіне қатысты.
«Біз «Әлемді таңғалдырған әжелер» жобасының мүшелеріміз. Жоба авторы, Қазақстан дизайнері Раушан Әнуарбекқызының топтамаларын халыққа таныстырамыз. Мақсатымыз – салт-дәстүр мен ұлттық киімдерді заманауи үлгіде дәріптеу. Орталыққа келгелі әдемі қартаюды үйреніп, белсенді өмір сүріп жатырмыз. Ұзақ өмір сүру үшін өмірге және айналаңдағы адамдарға махаббатпен қарау керек. Біз қазір жастарға үлгі бола аламыз деп ойлаймын», – деді ол.
Мерекелік концерт қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың шығармашылық қабілетін танытуға мүмкіндік берді.