Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекеттік аппарат қызметінің негізгі әрі басым бағыттарының бірі. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, кез келген азамат мемлекеттік қызметті ешқандай кедергісіз, белгіленген мерзімде және тиісті деңгейде алуға толық құқылы. Ал осы процестің ашықтығын, әділдігін және заң шеңберінде жүзеге асырылуын бақылау – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің тікелей міндеті мен басты функциясы, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Соңғы уақытта департамент мекенжайына мемлекеттік қызметтерді алу барысында түрлі бюрократиялық кедергілерге немесе заңсыз бас тартуларға тап болған азаматтардан бірқатар шағымдар түсті. Азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында департамент қызметкерлері түскен өтініштерді жан-жақты қарап, шұғыл әрі жедел шаралар қабылдады. Нәтижесінде, орын алған кемшіліктер толығымен жойылып, қызмет алушылардың бұзылған заңды құқықтары мен мүдделері толық көлемде қалпына келтірілді.

Жақында қала тұрғыны тарапынан жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемнің тағайындалуы кешігіп жатқаны туралы арыз түсті. Қызмет алушы барлық құжаттарын тапсырғанына қарамастан, мамандардың әртүрлі ақпарат беруі мен құжаттарды қайта талап етуі салдарынан төлем созылып кеткен. Департаменттің уәкілетті органмен жүргізген жұмысының нәтижесінде азаматшаға тиісті әлеуметтік төлем ресми түрде тағайындалып, қаржы оның есепшотына аударылды», - делінген хабарламада.

Тағы бір күрделі жағдай Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) орын алды. Астана қаласының тұрғыны жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсыру барысында техникалық ақауға тап болып, салдарынан емтиханнан өте алмай калған. Бекітілген қағидаларға сәйкес, емтихан барысында техникалық ақау орын алған жағдайда, оның нәтижесі толығымен жойылуы тиіс. Соған қарамастан, МХҚКО қызметкерлері бұл ақауды жеткіліксіз себеп деп санап, емтихан нәтижесін жоюдан бас тартқан. Бұған қоса, қызмет көрсетуші тарапынан әдеп нормаларына қайшы келетін дөрекілік танытылған. Аталған фактілер бойынша департамент дереу іске араласып, уәкілетті органмен бірлесе отырып тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, заңды талаптар негізінде азаматшаның бұзылған құқығы қалпына келтіріліп, техникалық ақау орын алған емтихан қорытындысы ресми түрде жойылды және қызмет алушыға дереу түрде жақын мерзімге кезектен тыс практикалық емтихан тапсыруға бронь қойылды. Ал қызмет алушымен қарым-қатынаста әдеп нормаларын бұзған МХҚКО қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осылайша, департамент тарапынан көрсетілетін бақылау мен жедел әрекет ету шаралары мемлекеттік қызметтерді алуда азаматтардың құқықтарының сенімді қорғалуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыра түсуде.