«Вашингтон моделін» халықаралық деңгейде қолдану маңызды – ҚСЗИ сарапшысы

«Вашингтон моделін» халықаралық деңгейде қолдану маңызды – ҚСЗИ сарапшысы
Фото: ҚСЗИ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың басшылары қол қойған жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі келісімді жаһандық деңгейде қолдану мүмкіндігін ұсынды. Президенттің пікірінше, бұл бастама БҰҰ қамқорлығымен жасалатын халықаралық шарттың негізіне айналуы мүмкін, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚСЗИ жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің бас сарапшысы Жанна Булхаирова атап өтті.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысының ұсынысы жасанды интеллектіні дамытудағы жауапкершілік пен қауіпсіздіктің ортақ қағидаларын қалыптастыру мәселесін халықаралық күн тәртібіне шығарады.

«Бұл мәлімдеме Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында айтылды. Отырыстың негізгі тақырыбы өнеркәсіп секторын терең цифрлық трансформациялау болды. Ішкі күн тәртібі – ЖИ-ді өнеркәсіпке енгізу, ал сыртқы күн тәртібі – қауіпсіздіктің ортақ ережелерін әзірлеу. Бұл екі бағыт өзара байланысты. Технологиялар нақты секторда неғұрлым кең қолданылған сайын, тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай тәсілдеріне деген қажеттілік те арта түседі», – деп атап өтті сарапшы.

Жанна Булхаированың айтуынша, «Вашингтон моделін» халықаралық деңгейде қарастырмас бұрын оны барлық мүдделі елдердің сарапшылары мұқият зерделеуі қажет.

«Бір компанияның шешімдері әртүрлі мемлекеттерде қолданылған кезде ықтимал қателердің салдары жекелеген пайдаланушымен қарым-қатынас шеңберінен шығып кетеді. Сондықтан тәуекелдерді кім бағалайтыны, әзірлеушілер қандай ақпарат ұсынуы тиіс екені және қауіп анықталған жағдайда қандай әрекет жасалатыны жөнінде ортақ келісім қажет», – деді ол.

Сарапшы Трамп бастамасының ерекшелігі қауіпсіздік қағидаттарының ЖИ-дің озық жүйелерін әзірлейтін компаниялармен тікелей келісілгенінде екенін атап өтті.

«Келісім модельдерді тексерудің ішкі рәсімдерін, осы рәсімдерді бақылайтын жеке команданы, тәуелсіз сыртқы бағалауды және директорлар кеңесі комитетінің қадағалауын қамтитын төрт деңгейлі бақылауды қарастырады. Мұндай құрылым жауапкершілікті компанияның ішкі жүйесіне енгізеді: анықталған мәселе техникалық маманнан оны жою туралы шешім қабылдай алатын басшылыққа дейін жеткізілуі тиіс», – деп түсіндірді Жанна Булхаирова.

Оның пікірінше, бұл бастама Қазақстан үшін халықаралық ЖИ қауіпсіздігі ережелерін қалыптастыруға қатысу тұрғысынан маңызды.

«Қазақстан үшін бұл бастаманың маңызы, ең алдымен, ережелерге бейімделіп қана қоймай, оларды қалыптастыруға қатысу мүмкіндігінде. Егер ЖИ қауіпсіздігі стандарттарын қатысушылардың шағын тобы әзірлейтін болса, озық модельдерді жасамай, негізінен технологияларды пайдаланатын мемлекеттердің мүдделері толық ескерілмеуі мүмкін. Қазақстанның диалог алаңы болуға дайын екені осы елдер тобының ұстанымын халықаралық талқылауға енгізуге мүмкіндік береді», – деді ҚСЗИ сарапшысы.

Жанна Булхаирова бұл тәсілдің Қазақстандағы жасанды интеллектіні реттеу жүйесімен де үндесетінін атап өтті. Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне еніп, онда қауіпсіздік, жауапкершілік пен бақылау, деректерді қорғау және құпиялылық, ашықтық пен түсініктілік қағидаттары бекітілген.

Сарапшының айтуынша, халықаралық қауіпсіздік талаптарын нақты стандарттармен толықтыру және оларды өнеркәсіп, қаржы, мемлекеттік қызметтер секілді тәуекелі жоғары салаларға бейімдеу маңызды. Бұл ретте тәуелсіз техникалық сараптаманы дамыту мен тиісті кадрлар даярлау да өзекті.

Сонымен қатар келісімнің ерікті сипатта болуы оның орындалу тетіктерін нақтылауды қажет етеді. Атап айтқанда, верификация, аудиторлардың тәуелсіздігі, олардың қорытындыларына қолжетімділік және елеулі бұзушылықтардың салдары жөніндегі мәселелерді пысықтау қажет.

«Вашингтон моделін» қолдау Қазақстанға ішкі цифрлық трансформацияны халықаралық бастамамен ұштастыруға мүмкіндік береді. Яғни нақты секторда ЖИ енгізуді жеделдетумен қатар, оны қауіпсіз пайдаланудың халықаралық ережелерін қалыптастыруға қатысуға жол ашылады», – деп қорытындылады Жанна Булхаирова.