Астанада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып жатқан жәрмеңке өтіп жатыр. Екі өңірден елордаға барлығы 400 тоннадан астам түрлі өнім жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жәрмеңке Қарқаралы көшесі, 1 мекенжайындағы ипподром аумағында өтіп жатыр.

Шығыс Қазақстан облысының фермерлері елорда тұрғындарына ет және сүт өнімдерін, балық, бал мен ара шаруашылығы өнімдерін, өсімдік майын, жарма, шұжық өнімдерін, қымыз, ұлттық тағамдар және басқа да тауарларды ұсынып жатыр.
Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, өңірден жәрмеңкеге 50-ден астам түрлі өнім жеткізілген.

Ал Ақтөбе облысынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен өңдеуші кәсіпорын, сондай-ақ өңірдің 12 ауданынан фермерлер қатысуда.
Жәрмеңкеде тұрғындар қажетті азық-түлігін тиімді бағамен сатып алып жатыр.

«Жәрмеңкеден азық-түлікті тиімді бағамен алып жатырмыз. Қажетті өнімдердің барлығы бар екен. Осындай жәрмеңкенің Астанада ұйымдастырылып жатқанына дән ризамыз», – деді елорда тұрғыны Жәмилә Насырова.

Жәрмеңке барысында Шығыс Қазақстан облысының өнерпаздары да көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынып, шараның көркін қыздыруда.


Айта кетейік, жәрмеңке 4 қазан, жексенбі күні де өтеді.
