Астанада ұстаздар арасында волейбол турнирі өтіп жатыр

Астанада ұстаздар арасында волейбол турнирі өтіп жатыр
Фото: Сұлтан Сейітов

Ұстаздар күні мерекесіне орай Астанадағы Abyroy спорт кешенінде елорданың 6 ауданынан іріктеліп шыққан мектеп ұстаздары арасында волейбол турнирі өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Турнирге әр ауданнан іріктеліп шыққан №27 мектеп-лицейі, №45 орта мектебі, №49 орта мектебі, №63 мектеп-лицейі, №68 мектеп-гимназиясы, №84 мектеп-лицейі, №86 мектеп-гимназиясы, №99 орта мектебі, №105 орта мектебі, «Сарайшық» ауданындағы BINOM мектебі, №114 жалпы білім беретін мектеп, №115 жалпы білім беретін мектептер қатысып жатыр.

Іс-шараның басты мақсаты – ұстаздар қауымы арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік байланысты нығайту.

«Бүгінгі шарамыз ұстаздар күніне арналған волейбол турнирі. 5 жыл бойы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Басты ерекшелігі ретінде бастапқы кезеңде әр аудан ішінде іріктеу жарысы өтіп, оның екеуі финалдық кезеңге келіп жатқандығын айтуға болады. Шамамен қаладағы 50 мектеп іріктеу кезеңінде бақ сынады. Бірнеше жыл бұрынғы көрініспен салыстырар болсақ, волейболдың танымалдығы ұстаздар арасында артқанын айқын байқауға болады», - деді ұлттық дәрежедегі төреші әрі жарыс ұйымдастырушысы Дәулет Хамзин.

Жарыс барысында командалар үш-үштен төрт топқа бөлінеді. Әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады. Одан әрі плей-офф жүйесі бойынша жеңімпаз анықталады.

«Біздің арамызда волейболға қызығушылық жоғары. Астаналық мектептер арасында өзіміз ұйымдастырған волейбол лигасы да бар. Онда әр сенбі сайын волейбол ойнаймыз. Қазіргі таңда волейбол – мұғалімдер арасында кеңінен таралған негізгі спорт түрлерінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы даму қарқыны өте жоғары деп есептеймін. Мұндай жарыстар ұжымның бірлігін нығайтып, жаңа орта қалыптастырады. Мысалы, әртүрлі пән мұғалімдері бір арнаға тоғысып, бір спорт залында, бір алаңда бас қосады. Мұғалімдердің өзіне уақыт бөлуге мүмкіндігі бола бермейді. Ал мұндай шара хоббиге уақыт тауып, өзіңе көңіл бөлуге жақсы мүмкіндік береді», – деді №49 орта мектеп мұғалімі Айдос Басықара.

Жарыс жеңімпаздары бүгін анықталады.

Бұған дейін Астанада №1 автобус паркінің қызметкерлері арасында күзгі спартакиада басталғанын хабарладық.