AI & Digital Bridge 2026: Премьер-министр отандық ЖИ әзірлемелерімен танысты

AI & Digital Bridge 2026: Премьер-министр отандық ЖИ әзірлемелерімен танысты
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумының қорытындысына қатысып, отандық технологиялық компаниялардың жасанды интеллект негізіндегі әзірлемелерімен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форум барысында білім беру, қаржы, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару салаларына арналған бірқатар цифрлық шешім таныстырылды. 

Атап айтқанда, QAIRU ЖИ университеті оқу үдерісін талдау, AI-тьютор және білім алушылардың үлгерімін бағалау құралдарын, сондай-ақ шағын жинақты мектептерге арналған бейімделген онлайн оқыту жүйесін ұсынды. 

Қаржы секторында Kaspi.kz экожүйесіне ықпалдастырылған Kasper AI-ассистенті, Halyk Bank-тің қызметкерлер құзыреттерін дамытуға арналған ЖИ моделі және Freedom Holding-тің қаржылық операциялардағы ауытқулар мен дропперлік әрекеттерді анықтауға бағытталған AI-Compliance платформасы көрсетілді. 

Өнеркәсіп саласында «Самұрық-Қазына» тобы компанияларының әзірлемелері таныстырылды. Олардың қатарында ҚазМұнайГаздың цифрлық телнұсқалары мен ҚТЖ-ның SMART-диагностика жүйесі бар. Сонымен бірге Alem AI Platform, QazBot Technologies, Trusted Kazakhstan және QazEta цифрлық өнімдері ұсынылды.

Форум аясында 60-тан астам жаңа келісімге қол жеткізілді.

Олжас Бектенов тиімділігі дәлелденген технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығын атап өтті.

«Форумның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазіргі аса қарқынды, құбылмалы әрі озық заманда жаңа технологияны дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Қазақстанда жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін барлық қажетті құқықтық негіз қалыптастырылды. Бұл орайда Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды озық қарқынмен дамытуда», – деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, қазір «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы жүзеге асырылып жатыр. Энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін бұл кампус Орталық Азиядағы ең ірі нысан болмақ. Деректерді өңдеу орталықтары ЖИ, бұлтты сервистер, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамытуға негіз болады.

Форум аясындағы пленарлық сессияда DREAM компаниясының президенті Себастиан Курц, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Crimson Education компаниясының негізін қалаушы Джейми Битон және Higgsfield AI компаниясының бас директоры Александр Машрабов сөз сөйледі.

Сессия қорытындысында Премьер-министр технология саласының өкілдеріне AI & Digital Bridge Awards 2026 марапаттарын табыстады.

Марапат иегерлері:

– GovTech Project of the Year – egov.GPT;

– EdTech Project of the Year – GoPrep;

– Startup of the Year – HealthTech;

– Corporate AI Transformation of the Year – Aventa AI;

– International Breakthrough of the Year – Higgsfield AI;

– Venture Fund of the Year – MA7 Ventures;

– Best Creative Industry Project of the Year – ōzen.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Higgsfield AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Александр Машрабовпен, Kraken компаниясының тең бас директоры Дэвид Риплимен және DREAM компаниясының тең құрылтайшысы әрі президенті Себастиан Курцпен кездесті.

Кездесулерде цифрлық активтер нарығын дамыту, блокчейн технологияларын қолдану, кадр даярлау, ғылыми-зерттеу жобалары, спорттық бағдарламалау және қазақстандық мамандарды жаһандық жобаларға тарту мәселелері талқыланды.

Кездесулер қорытындысында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Kraken компаниясы Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамыту және блокчейн технологияларын қолдану бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.