Еліміздің авиаотын өндірісі 825 мың тоннаға дейін ұлғаяды
Қазақстанда авиациялық отын өндірісін арттыру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл елде 825 мың тонна авиаотын өндіру жоспарланған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жылдың сегіз айында Қазақстанда 591 мың тонна авиациялық отын өндірілген. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемін 825 мың тоннаға жеткізу күтіліп отыр. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары. Былтыр елде 726 мың тонна авиаотын өндірілген.
Авиаотын өндірісін алдағы жылдары да кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. 2031 жылға қарай өндіріс көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда Қазақстанның азаматтық авиациясы, күштік құрылымдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік материалдық резервінің авиаотынға қажеттілігі отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі.
Ал жолаушылар авиациясының ішкі нарықтағы жылдық қажеттілігі шамамен 680 мың тоннаны құрайды.
Осылайша, биыл күтіліп отырған 825 мың тонна өндіріс көлемі жолаушылар авиациясының ішкі жылдық қажеттілігінен де жоғары болады.
Бұдан бұрын Үкіметте Алатау қаласында авиаотын өндіру жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.