Қасым Жұмаділов: «Ядролық физика мамандарына сұраныс арта түседі

28 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қасым Жұмаділов: «Ядролық физика мамандарына сұраныс арта түседі
Фото: Қасым Жұмаділовтің жеке мұрағатынан

Қазақстанда атом энергетикасының дамуына байланысты ядролық физика, радиациялық қауіпсіздік және радиоэкология бағыттарында білікті кадрларға қажеттілік арта түсуі мүмкін. Болашақ мамандарды даярлау кезінде теориялық біліммен қатар практикалық дағдылар мен қауіпсіздік мәдениетіне ерекше мән беріледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар халықаралық кафедрасының меңгерушісі Қасым Жұмаділов атом саласына қажетті мамандарды даярлау және жастардың осы бағытқа қызығушылығы туралы айтты.

ЕҰУ-да ядролық физика мамандары 2009 жылдан бері даярланады

Қасым Жұмаділовтің айтуынша, Қазақстанда атом саласына қажетті кадрларды даярлауға бірқатар жоғары оқу орны атсалысып келеді. Солардың бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

«ЕҰУ-да бұл бағыт бойынша мамандар «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» кафедрасында 2009 жылдан бері даярланып келеді. Кафедрада білім алушылар «Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша үш деңгейде – бакалавриат, магистратура және докторантурада білім алады. Сонымен қатар магистратура деңгейінде «Радиациялық қауіпсіздік», ал докторантура деңгейінде «Радиоэкология» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.

Білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы сұраныс пен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады», – деді Қасым Жұмаділов.

Сарапшының пікірінше, білім беру бағдарламаларын өндіріс пен еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне бейімдеу болашақ мамандардың кәсіби даярлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Ядролық физика мамандары қай салаларда жұмыс істей алады?

Қасым Жұмаділов ядролық физика мамандығының мүмкіндігі тек атом энергетикасымен немесе уран өндірісімен шектелмейтінін атап өтті.

«Ядролық физика мамандығына жастардың қызығушылығы жоғары деп айтуға болады. Себебі бұл мамандықты меңгерген түлектер еңбек нарығында кең ауқымды бағыттарда жұмыс істей алады.

Мамандық тек уран өндіру саласымен шектелмейді. Ядролық физика мамандары медицинада, материалтану саласында, сондай-ақ иондаушы сәулелену қолданылатын түрлі ғылыми-зерттеу және өндірістік ұйымдарда еңбек ете алады.

Менің ойымша, жастарды осы мамандыққа тартатын негізгі факторлардың бірі – кәсіби бағыттардың көптүрлілігі және еңбек нарығындағы мүмкіндіктердің кеңдігі», – деді кафедра меңгерушісі.

Оның айтуынша, мамандықтың бірнеше салада қолданылуы жастар үшін кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтеді.

АЭС жобасы мамандарға қойылатын талапты күшейтеді

Сарапшы алдағы уақытта атом энергетикасы саласында жоғары білікті мамандарға сұраныс арта түседі деп есептейді. Оның пікірінше, атом электр станциясын салу және пайдалану барысында мамандардың кәсіби біліміне қойылатын талап та жоғары болады.

«Алдағы уақытта бұл мамандыққа деген сұраныс арта түседі деп ойлаймын. Елімізде атом электр станциясын салу жобасының жүзеге асуына байланысты салаға қойылатын кәсіби талаптар да күшейе түсетіні сөзсіз.

Заманауи зерттеулер мен технологияларға сүйене отырып, атом энергетикасы саласында жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік артады. Сонымен қатар атом электр станциясын салу және пайдалану барысында қызметкерлердің, халықтың және қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше жауапкершілікпен қарау қажет.

Сондықтан болашақ мамандардың тек теориялық білімін ғана емес, практикалық дағдылары мен қауіпсіздік мәдениетін де қалыптастыру маңызды», – деді Қасым Жұмаділов.

Осыған байланысты атом саласы үшін кадр даярлау тек мамандық бойынша білім берумен шектелмей, қауіпсіздік талаптарын меңгерген, заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын мамандар қалыптастыруды талап етеді.

Бұған дейін бейбіт атомның мүмкіндігі электр энергетикасымен ғана шектелмейтіні туралы жазған едік.