«Таңдау» фильмі «Baiqonyr» фестивалінде үздік дебют атанды
Режиссер Жаннат Алшанованың «Таңдау» фильмі XI Baiqonyr халықаралық дебюттік және қысқаметражды кинофестивалінде «Үздік дебюттік фильм» жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Таңдау» – Жаннат Алшанованың алғашқы толықметражды режиссерлік жұмысы. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Accidental Films кинокомпаниясында түсірілген.
Картина Франция, Нидерланд, Литва және Швеция кинематографистерімен бірлескен халықаралық копродукция аясында жүзеге асқан.
Фильмде 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Ол жүзушілер командасына қосылып, еркін өмірге ұмтылады. Алайда өміріндегі маңызды сәтте кейіпкерге тағдырын өзгертетін таңдау жасауға тура келеді.
Айта кетейік, фильмнің әлемдік премьерасы 2025 жылы Локарно халықаралық кинофестивалінде өткен. Кейін туынды Пусан халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына да енді.
Фестиваль аясында өткен Кинотанушылар форумы кезінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі, кинотанушы және сыншы Инна Смаилова «Кинотану ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдемен марапатталды.
Фестиваль бағдарламасы қазақ киносының тарихына да арналды. Жабылу рәсімі көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай оның «Алты жасар Алпамыс» фильмін көрсетумен аяқталды.
Биылғы «Baiqonyr» фестивалі отандық және шетелдік жас режиссерлердің дебюттік әрі қысқаметражды фильмдерін бір алаңда ұсынды. Фестивальдің халықаралық бағдарламасына Еуропа елдерінің кинематографистері де қатысты.
Бұған дейін Меруерт Өтекешеваның 75 жас мерейтойына орай Астанада халықаралық театр фестивалі өтетіні хабарланған еді.