Ұстаз тағдыры – тұтас дәуірдің шежіресі: Астанада жаңа кітап таныстырылды
Ұстаздар күні қарсаңында Астанадағы Синтез театрында «Люди одной эпохи. Документальная повесть о Максоте Кусайынове» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Деректі повесть ұлағатты ұстаз әрі білікті басшы Мақсот Құсайыновтың өмірі мен қызметіне арналған. Кітапқа оның шәкірттері мен әріптестерінің естеліктері, сондай-ақ жеке күнделігінен алынған жазбалар арқау болған.
Кітаптың құрастырушысы әрі авторы – Мақсот Құсайыновтың қызы Қорлан Құсайынова.
Автордың айтуынша, кітап жазу идеясы бес жыл бұрын, пандемия кезінде туған. Әкесінің туған күнінде бұрынғы шәкірттерінің әлеуметтік желіде сүйікті директорын еске алуға арналған онлайн-челлендж ұйымдастырғанын көрген Қорлан Құсайынова осы естеліктерді жинақтап, кітапқа айналдыруды қолға алған.
Мақсот Құсайынұлы – қазақ білім беру саласында өзіндік із қалдырған ұстаздардың бірі. Ол Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған лицей-интернатты 15 жыл басқарған. Осы кезеңде мектепті 18 оқушы алтын медальмен тәмамдаған.
Талапшыл әрі жаңашыл басшы ретінде танылған ұстаздың бейнесі шәкірттерінің естеліктері арқылы да ашылады. Кітапта оның азаматтық ұстанымы, адамдық болмысы және ұстаздық жолы туралы сыр шертіледі.
«Кітапта Мақсот Құсайынұлының өмірі деректі құжаттармен өрнектелген. Азаматтық, адамдық, ұстаздық қырлары жан-жақты ашылған. Қорлан өз әкесі туралы ғана емес, тұтас бір дәуір жөнінде деректі еңбек жазып шығыпты. Құтты болсын айтамыз», – деді белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп.
Тұсаукесерге қатысушылардың айтуынша, «Люди одной эпохи» бір адамның ғана өмір жолын баяндайтын шығарма емес, кітапта соғыс салған салмақ, соғыстан кейінгі жылдар, халықтың төзімі мен қажыр-қайраты адам тағдырлары арқылы суреттеледі. Сондықтан туындыдан оқырман өзіне жақын бейнені таба алады: бірі – әкесін, бірі – атасын, енді бірі – өзіне жол көрсеткен ұстазын немесе әулетінің үнсіз қалған тарихын көреді.
Бұған дейін Астанада Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық мұрасы ұлықталғаны хабарланған еді.