Астанада Қайрат Нұртастың концерті экоакциямен аяқталды
Астанада белгілі әнші Қайрат Нұртас концерт берді. Іс-шара аяқталғаннан кейін көрермендер бірден тарамай, трибуналарда қалған қоқысты жинауға көмектесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Акцияға қатысушылар концерт аяқталған соң қоқысты жинап, аумақты ретке келтірді. Олар ауқымды мәдени іс-шаралар кезінде қоршаған орта тазалығына әркімнің жауапкершілікпен қарай алатынына үлгі көрсетті.

«Бүгін достарыммен бірге сүйікті қазақстандық өнерпазымыздың концертін тамашалауға келдік. Кештен жақсы әсер алдық. Концерт аяқталған соң аумақты тазартуға өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Бұл – қала тазалығына қосқан шағын үлесіміз», – деді көрерменнің бірі.

Мұндай бастамалар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ қала тазалығын сақтау әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталатынын көрсетеді.

Бұған дейін елордада Энрике Иглесиастың концертінің соңы да экологиялық акцияға ұласқанын жазған едік.