Астанада GreenLine желілік саябағы қалай өзгерді

Бүгін, 11:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада GreenLine желілік саябағы қалай өзгерді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада GreenLine желілік саябағын абаттандыру жұмысы аяқталды. Ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаңа ауқымды қоғамдық кеңістік тұрғын үй кварталдарын жаяу жүргіншілер бағыттары арқылы байланыстыратын үздіксіз жасыл дәлізді құрайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобада негізгі назар көгалдандыруға және жайлы табиғи орта қалыптастыруға аударылды. Онда ағаштар, бұталар және көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Әртүрлі деңгейде орналастырылған жасыл желек жол бойында тұтас жасыл ландшафт қалыптастырады.

Желекжолдың басты нысандарының бірі – жаңа каскадты сарқырама. Мұнда су, жер бедері және әр деңгейге отырғызылған жасыл желек өзара үйлесім тапқан. Жоғарыдан аққан су жасыл террасалар арқылы төмен қарай сатылы түрде ағады. Сарқыраманың айналасына ағаштар, бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылған. Олар өскен сайын бұл жер қалың жасыл желекке оранады. Каскад GreenLine-ның дәл ортасында орналасқан және желекжолдағы негізгі көрікті орындардың біріне айналады.

Сонымен қатар GreenLine бойында тоғандар, балалар ойын алаңдары, серуендеуге арналған жолдар және демалуға арналған түрлі орындар жасалды. Су, жер бедері мен жасыл желек бір-бірімен үйлесіп, тұтас бір көрініс қалыптастырады.

GreenLine тұрғын үй кварталдарын біртұтас жаяу жүргіншілер бағыты арқылы байланыстырып, қаланың осы бөлігінің келбетін өзгертеді. Бұрынғы аумақ қазір жасыл желегі көп, жайлы әрі адамдарға қолайлы орынға айналды. Жыл сайын ағаштар бой көтеріп, бұталар мен көпжылдық өсімдіктер жайқалған сайын желекжол да құлпыра түседі.

Айта кетейік, GreenLine жобасы елордада жасыл әрі жайлы қоғамдық кеңістіктерді көбейту жұмыстарының бір бөлігі.

Биыл қалада 170-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды. Соңғы жылдары мұндай нысандардың саны шамамен 500-ге жетті.

Еске сала кетейік, биыл елордада 757 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.