Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі – министрлік

Қазақстанда балаларға протездік-ортопедиялық бұйымдар тегін беріледі – министрлік
Фото: ЖИ

Қазақстанда протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж балаларға медициналық көрсетілімдеріне сәйкес жеке өлшеммен дайындалған бұйымдар тегін беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Көмек ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы базасында көрсетіледі.

Протездік-ортопедиялық көмек тірек-қимыл жүйесінде бұзылыстары бар балалардың қозғалысын қолдауға, дене бөліктерінің қызметін түзетуге және оңалту нәтижесін жақсартуға бағытталған.

Мұнда әр балаға жеке тәсіл қолданылады. Протездік-ортопедиялық бұйым баланың денсаулығына, дене бітімінің ерекшеліктеріне және нақты қажеттілігіне қарай таңдалады. Одан кейін бұйым баланың жеке өлшемі бойынша дайындалады.

Көмектің негізгі түрлерінің бірі – ортездеу.

Ортез – дененің белгілі бір бөлігін ұстап тұруға, тұрақтандыруға немесе дұрыс қалыпқа келтіруге арналған медициналық бұйым. Ол сондай-ақ денеге түсетін салмақты азайтуға көмектеседі.

Министрлік бұл бағыттағы көмектің негізгі мақсаты – балалардың қозғалыс мүмкіндігін қолдау және олардың оңалуына қажетті жағдай жасау екенін атап өтті.

Бұған дейін Астанада ерекше балаларды қолдау мәселелері талқыланған еді.