БҚО креаторлары Creative Aimaq жобасы аясында 5 млн теңгенің өнімін сатты
26-27 қыркүйекте Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Creative Aimaq республикалық жобасы аясында «Жайық толқыны» креативті көрмесі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеге Батыс Қазақстан облысынан қолөнер шеберлері, суретшілер, зергерлер, дизайнерлер, ағаш және тері өңдеу мамандарын қоса алғанда, 40-тан астам креатор қатысты. Олар жергілікті брендтер мен авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

Іс-шара барысында музыкалық аспап жасау, ағаш өңдеу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Көрме бағдарламасында өңірлік дизайнерлердің топтамалары да таныстырылды. Атап айтқанда, «Мария ханым» сән үйі, AS_brands.kz және «ДариЛили» сән орталықтары өз өнімдерін ұсынды.

Сонымен қатар көрмеде Батыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды. «Балбалтас баяны» және «Музей мұрасы» жобалары арқылы өңірдің тарихы мен құнды жәдігерлері насихатталды. Келушілерге «Долана» мультфильмі де көрсетілді.

Екі күн ішінде көрмеге 3 мыңға жуық адам келіп, өңір креаторлары жалпы 5 млн теңгенің өнімін сатты.
Creative Aimaq жобасы өңірдегі креативті индустрия өкілдерін қолдауға, отандық брендтерді танытуға, олардың өнімдерін нарыққа шығаруға жағдай жасауға, ұлттық мұраны дәріптеуге және креативті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Бұған дейін Астанада Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өткені хабарланған еді.