Қазақстанда атом энергетикасын дамыту: қауіпсіздік, кадр және жаңа технологиялар

Бүгін, 09:08
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту: қауіпсіздік, кадр және жаңа технологиялар
Фото: «ҚАЭС» ЖШС

28 қыркүйек – Атом саласы қызметкерлерінің күні. Қазақстанда бұл сала энергетикамен қатар ғылым, өнеркәсіп, технология және кадр даярлау бағыттарының дамуына ықпал ететін стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі. 

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметінше, атом энергетикасын дамыту елдің электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. АЭС құрылысы жоғары технологиялық өндірістердің қалыптасуына, отандық өнеркәсіптің дамуына және жаңа инженерлік құзыреттердің пайда болуына жол ашуы мүмкін.

Қазақстандағы АЭС жобалары

2024 жылдың соңында Алматы облысының Жамбыл ауданы алғашқы АЭС салынатын аумақ ретінде айқындалды. 2025 жылғы тамызда станцияның оңтайлы алаңын таңдау бойынша инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды.

Атом энергетикасы жобасын іске асыру аясында 2026 жылғы мамырда Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісім жасалды.

Ал 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл құжат алғашқы АЭС құрылысы жобасының практикалық кезеңге өткенін білдіреді.

Сонымен қатар екінші АЭС жобасына қатысты да дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылғы қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданы екінші атом электр станциясын салу жоспарланған аумақ ретінде белгіленді.

Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Атом энергетикасына қатысты қоғамдық талқылауларда қауіпсіздік мәселесі ерекше орын алады. Агенттік мәліметінше, Қазақстандағы мемлекеттік реттеу жүйесі ядролық нысанның жобалануынан бастап оның құрылысы, пайдаланылуы және кейіннен пайдаланудан шығарылуына дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Бұл жүйенің негізгі тетіктері – қауіпсіздік талаптарын белгілеу, лицензиялау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалау.

Ядролық және радиациялық қауіпсіздікке қойылатын міндетті нормалар ядролық қондырғыларды жобалау, салу және пайдалану тәртібін, сондай-ақ ядролық материалдармен, радиоактивті заттармен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын белгілейді.

Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін лицензия қажет. Лицензиялау барысында ұйымның қауіпсіздік талаптарын орындауға қабілеті, оның ішінде білікті персоналдың, қажетті жабдықтардың, бақылау жүйелерінің және ұйымдастырушылық-техникалық шаралардың болуы бағаланады.

Лицензияның берілуі мемлекеттік бақылаудың аяқталғанын білдірмейді. АЭС пайдалануға берілгеннен кейін де белгіленген талаптардың сақталуына тексеру жүргізіліп, радиациялық қауіпсіздік, ядролық және радиоактивті материалдармен жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ персонал мен халықты қорғау шаралары бақыланады.

Бұдан бөлек, ықтимал авариялардың алдын алу және төтенше жағдайларға төтеп беруге дайындыққа мән беріледі. Ядролық нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің терең эшелондалған қағидаты қолданылады. Ол бірнеше деңгейден тұратын техникалық және ұйымдастырушылық қорғаныс шараларын қарастырады.

Атом саласына қандай мамандар қажет?

Атом энергетикасының дамуы жаңа кадрларға деген қажеттілікті арттырады. Бұл салада ядролық физиктер мен энергетиктерден бөлек, инженерлер, радиациялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары, материалтанушылар, химиктер, IT-мамандар, ғалымдар мен құрылыс саласының қызметкерлері қажет.

Қазақстанда атом энергетикасына кадр даярлайтын білім беру және ғылыми база қалыптасқан. Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті және басқа да жоғары оқу орындары осы бағытта мамандар даярлап келеді.

2000 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында атом және ядролық энергетика бағыттары бойынша 4,5 мыңнан астам маман білім алған.

Жастардың практикалық даярлығына ғылыми-зерттеу ұйымдары да атсалысуда. Ядролық физика институты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы базасында студенттер мен жас мамандар ғылыми жобаларға, дипломдық жұмыстарға және тағылымдамаларға қатыса алады.

Халықаралық ынтымақтастық та кадр даярлаудың маңызды бөлігі саналады. Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен және атом энергетикасы дамыған мемлекеттермен бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді.

2026 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасында атом саласының қызметкерлеріне арналған жеке санат енгізілді. Жыл сайын магистратура, докторантура және тағылымдамалар бойынша 20 стипендия қарастырылған. Сонымен бірге 2026 жылы «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында қазақстандық ғалымдарға 250 орын бөлінді.

Кадр даярлау жөніндегі кешенді жоспар аясында кәсіби стандарттарды жаңарту, білім беру бағдарламаларын саланың қажеттіліктері мен халықаралық ұсынымдарға сәйкес бейімдеу, шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломды бағдарламаларды дамыту және жастар арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын күшейту көзделген.

Атом энергетикасы өнеркәсіпке қандай әсер береді?

Атом энергетикасын дамыту электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Саланың айналасында машина жасау, металлургия, құрылыс, жабдық өндіру, автоматтандыру, цифрлық технологиялар және сервистік қызметтер секілді бағыттардың дамуына мүмкіндік бар.

Бұл Қазақстанда ядролық ғылымды, білімді, өнеркәсіпті және жоғары технологиялық өндірістерді біріктіретін ұлттық ядролық кластер қалыптастыруға негіз болуы мүмкін.

Елдегі Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты және Ядролық технологиялар паркі базаларында реакторлық технологиялар, жаңа материалдар, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, радиациялық технологиялар мен радиоизотоптар бағыттарында зерттеулер жүргізіледі.

Бұл әзірлемелердің медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да салаларда қолданылу мүмкіндігі бар.

Атом энергетикасының дамуы цифрлық технологияларға деген сұранысты да арттырады. Заманауи атом нысандарында автоматтандырылған басқару жүйелері, деректерді талдау, робототехника және киберқауіпсіздік секілді технологиялар кеңінен қолданылады. Осыған байланысты сала IT және инженерлік мамандықтардың дамуына да әсер етуі мүмкін.

Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығы да кеңейіп келеді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен бірлескен жұмыстар кадр даярлау, техникалық кооперация, ядролық және радиациялық қауіпсіздік бағыттарын қамтиды. 2026 жылы Қазақстан мен АЭХА арасындағы ынтымақтастықты 2036 жылға дейін кеңейту жөніндегі Жол картасы атом энергетикасы, ғылым, медицина, қауіпсіздік және кадр даярлау салаларын қамтыды.

Осылайша, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесін нығайтумен қатар, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізуге, жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға және жаңа буын инженерлерін даярлауға мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарастырылып отыр.