Еліміз 2029 жылға қарай энергия көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жетуді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы стратегиялық міндетке қол жеткізу үшін жаңартылатын қуат көздерін өндіру ісіне, соның ішінде күн электр стансаларын кеңінен қолдануға баса мән беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ атом энергетикасын дамытуды маңызды басымдық ретінде қарастырып, нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) хабарлауынша, биыл әлемде жаһандық энергетикалық дағдарыс қатты сезіліп тұр. Қуат көздерін жеткізу саласында да тапшылық байқалған. Сарапшылардың пікірінше, электр энергиясына деген сұраныс болжамды деңгейден әлдеқайда тез өсіп келеді. Энергияға деген сұраныстың артуына әсер еткен факторлар көп. Әсіресе әлем елдерінің цифрлық кеңістікке бет бұруы мен жасанды интеллект дерек орталықтарының көбеюі мәселені ушықтыра түскен.
Жалпы, энергия тапшылығы – әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселе. Кез келген экономикалық дағдарыстың соңы энергетикалық дағдарысқа алып келеді. Бұған қоса дәстүрлі қуат көзі – көмір, табиғи газ, мұнай қоры күннен-күнге сарқылып барады. Сондықтан көптеген ел энергияны табиғи көздерден алуға ұмтылып жатыр. Дегенмен де баламалы энергияға көшу біз ойлағандай арзан дүние емес. Әсіресе электр энергиясының басым бөлігін арзан көмірден өндіретін еліміз үшін бұл – айтарлықтай күш-қуат пен техникалық мүмкіндікті қажет ететін күрделі сала. Әлемнің кейбір елдерімен салыстырғанда жасыл экономиканы дамытуға әлі де дәрменіміз жетпей жатқаны сондықтан.
Елімізде энергия көздерінің жетіспеушілігі қазірден байқалады. Президент те Жолдауында Қазақстан жыл сайын энергияның елеулі тапшылығымен бетпе-бет келіп жатқанын атап өтті. Соның салдарынан қыс мезгілінде, яғни электр энергиясына сұраныс шарықтайтын кезеңде көрші елдерден қуат көзін қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрміз. Мұны шешудің бірден-бір жолы – бірнеше атом электр стансасын салу. Нысандардың нақты салынатыны, қайда салынатыны белгіленді. Енді Мемлекет басшысы атап өткендей, стансаларды елу жылдан кейін, тіпті, одан арғы уақытта уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді қазірден бастап ойластыруымыз керек. АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту да – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Өйткені атом электр стансасының құрылысы – қомақты инвестиция мен жоғары технологияны қажет ететін ауқымды жоба. Оның экономикалық тиімділігі өндірілетін электр энергиясының көлемімен ғана өлшенбейді. Мұндай жобаның айналасында жаңа өндірістер ашылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қайта жаңғырып, инженерлік-техникалық мамандардың жаңа буыны қалыптасуға тиіс.
Бұл ретте ең маңызды мәселелердің бірі – атом энергетикасы жобаларындағы локализация деңгейін арттыру, яғни қажетті тауарлар мен қызметтерді еліміздің өз ішінде өндіру және кәсіпорындарды осы салаға икемдеу. Басқаша айтқанда, АЭС құрылысына бөлінетін қомақты қаражаттың белгілі бір бөлігі отандық кәсіпорындардың дамуына, жергілікті мамандардың еңбегіне, технологиялық жаңғыруға және ұлттық өндірістік тізбектің қалыптасуына қызмет етуге тиіс. Ал АЭС-тей күрделі өндірісті өркендетуге отандық мамандардың әлеуеті мен қауқары жете ме? Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Жанна Әзмағанбетованың айтуынша, отандық энергетик-мамандар мен кәсіпорындардың атом электр стансаларының құрылысына қатысуға өнеркәсіптік әлеуеті бар.
«Бізде металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын, электртехникалық жабдықтарды өндіру, сондай-ақ құрылыс пен инжиниринг секторлары жақсы дамыған. Бұл бағыттардың барлығы атом энергетикасының қажеттіліктерімен тікелей байланысты. Бұл ретте АЭС құрылысы – тек реактор мен ядролық құрал-жабдығы ғана емес екенін түсіну қажет. Бұл – мыңдаған атауы бар қондырғы мен инженерлік жүйелерді қамтитын ауқымды өнеркәсіптік кешен. Осы салаларда жұмыс істейтін өзіміздің білікті мамандарымыз баршылық. Сондықтан АЭС бой көтергенде оны іліп алып кететін әлеует бізде бар деп сеніммен айта аламыз», - дейді Ж.Әзмағанбетова.
Оның сөзінше, Үкімет бекіткен Атом саласына арналған өндірісті локализациялауды дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, отандық өнеркәсіптің қазіргі әлеуеті алдын ала 20-22% деңгейінде бағаланған, ал АЭС құрылысы аяқталғанға дейінгі локализацияның нысаналы көрсеткіші 30%-ды құрамақ.
«Бұл – өте шынайы болжам. Алайда біздің міндетіміз белгілі бір пайызға қол жеткізумен шектелмеуге тиіс. Бүгінде еліміз қажетті өнімнің бір бөлігін өз бетінше өндіре алады. Ендігі кезекте басқа салаларда жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды осы салаға бейімдеп, олардың жаңа технологияларды меңгеруіне қолайлы жағдай жасауымыз қажет», - дейді ол.
Ж.Әзмағанбетова АЭС-ке қажетті жабдықтар, соның ішінде реакторлық қондырғы мен қауіпсіздік жүйелерінің жекелеген бөлшектері бастапқы кезде шетелдік өндірушілерден жеткізілетінін айтады.
«Атом стансаларын салу отандық кәсіпорындарға ілкімді міндеттер жүктеп отыр. Бұл – кәсіпкерлер үшін де үлкен мүмкіндік. Әрбір жаңа атом жобасы іске қосылған сайын Қазақстан оған қатысу үлесін кеңейтіп, болашақта осы салаға қатысты неғұрлым күрделі әрі технологиялық өнім түрлерін шығара бастайды», - дейді сарапшы.
Кәсіпорындардың алдында атом энергетикасы жобаларына қатысуға қатысты кедергілер де жоқ емес. Сарапшының пікірінше, отандық бизнестің АЭС құрылысына қажетті материалдар мен қызметтердің нақты номенклатурасымен, болашақта сатып алу мерзімдерімен жеткілікті деңгейде хабардар емес.
«Біз өндірістік үдерістер мен сапаны бақылауға алатын технологиялық жүйелерді атом саласының талаптарына сай енгізуіміз қажет. Сондай-ақ сертификаттау мен кадрларды даярлауға кететін қаржылық шығындарды да есептеу керек. Өйткені кәсіпорын жаңа өндіріске елеулі қаражат салмас бұрын сұраныстың қаншалықты тиімді болатынын қазірден білуге тиіс. Егер болашақ тапсырыстардың көлемі, мерзімі мен талаптары белгісіз болса, бизнес үшін ұзақмерзімді инвестициялық шешім қабылдау қиын. Сондықтан тапсырыс беруші, бас мердігер, технология жеткізуші шетелдік компаниялар мен отандық бизнес арасында түсінікті әрі тиімді өзара іс-қимыл жүйесін алдын ала қалыптастырған ләзім», - дейді ол.
Атом энергетикасы өндірісіне қолжеткізуге әлі ұзақ уақыт бар. АЭС құрылысын салу өз алдына, инженерлік іздестірулерден бастап, жобалау, құрылыс, монтаж, сынақ, жабдықты баптау, техникалық қызмет көрсету сынды әлі талай міндеттер тұр. Қауымдастықтың Оқшауландыру және ғылыми-техникалық даму департаментінің директоры Жанайдар Тоқсабаның айтуынша, отандық компаниялар белгіленген талаптарға сай болған жағдайда ғана осы шаруаның негізгі иесі бола алады. Мәселен, отандық мамандардың жобалық шешімдерді әзірлеуге, инженерлік жүйелерді бейімдеуге, цифрлық модельдеуге, технологиялық үдерістерді автоматтандыруға қатысса, ел ішінде қосылған құн қалыптастырады.
Сарапшының айтуынша, жаңа өндірістердің экономикалық тұрақтылығы да жеке бағалануы қажет. Өйткені кәсіпорындар тек АЭС құрылысы кезеңінде ғана жұмыс істеп қоймай, құрылыс аяқталғаннан кейін де сұранысқа ие болуға тиіс. Олар атом стансасын пайдалану мен оған қызмет көрсету қажеттіліктерін, басқа да өнеркәсіптік жобаларды қамтамасыз етіп, экспортқа өнім шығара алатындай деңгейге жетуі маңызды.
«Президент Жолдауында АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс орындарын ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісуге, атом энергетикасы саласына қажетті мамандарды даярлауға кеңінен тарту қажеттігі айтылды. Әңгіме осы салада ауқымды тәжірибесі мен дамыған өндірістік базасы бар ресейлік және қытайлық компаниялармен ынтымақтастық туралы сөз болып отыр. Бұл ретте еліміз басқа мемлекеттердің озық халықаралық тәжірибесін, сондай-ақ МАГАТЭ ұсынымдары мен сараптамалық әлеуетін техникалық тұрғыдан айқындап алуға тиіс. Ең тиімді формат тек жекелеген семинарлар өткізу ғана емес, сонымен қатар тікелей өндірістік алаңдарда практикалық оқыту, отандық және шетелдік инженерлердің бірлескен жұмысы мен өз мамандарымызды жеткілікті деңгейде даярлау болмақ. Бұл орайда қазірден бастап, отандық университеттермен, техникалық колледждермен, ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамыта беруіміз қажет», - дейді Ж.Тоқсаба.
Қош, сонымен «АЭС керек пе?» деп талқылайтын кезеңнен әлдеқашан өтіп кеттік. Ендігі міндетіміз – көштен қалмай, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Энергия тапшылығы қос бүйірден қысқан қазіргі кезде еліміз де қуатты артығымен өндірудің барлық мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Соның бірі – АЭС. Сондықтан келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысы басталса, оған ілесе «Мойынқұм» стансасы да жалғасуға тиіс. Ең бастысы, осыған қажетті келіссөздердің бәрінде ең алдымен қазақтың ұлттық мүддесі мен отандық кәсіпорындардың әлеуеті бірінші тұратынында шүбә жоқ.