28 қыркүйек – Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні

28 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
28 қыркүйек – Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні
Фото: pexels.com

28 қыркүйек – Дүниежүзілік құтырмаға қарсы күрес күні. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі аурудың алдын алу және жануармен қауіпті байланыс болған жағдайда не істеу керегін еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құтырма – адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті инфекциялық ауру. Вирус ауру жұқтырған жануардың тістеуі, сілекейінің зақымдалған теріге немесе шырышты қабыққа түсуі арқылы берілуі мүмкін.

Құтырмаға жабайы, қаңғыбас және үй жануарлары, сондай-ақ жарқанаттар шалдығуы ықтимал.

Жануар тістеп немесе сілекейі тиген жағдайда не істеу керек?

Ең алдымен зақымдалған жерді дереу сабынмен мұқият жуып, сумен шаю қажет. Одан кейін мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жүгінген жөн.

Дәрігер жануармен болған байланыстың сипатын бағалап, қажет болған жағдайда құтырмаға қарсы вакцинация курсын және басқа да профилактикалық емді тағайындайды.

Мамандар ауру белгілерінің пайда болуын күтпеуге және дәрігер тағайындаған вакцинация курсын өз бетінше тоқтатпауға шақырады.

Құтырманың алғашқы белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, мазасыздық, ұйқысыздық, қорқыныш сезімі, сондай-ақ тістелген жерде ауырсыну немесе жайсыздық болады. Ауру асқынған кезде жарыққа, шуға және ауа қозғалысына сезімталдық артып, құрысулар, судан қорқу, сілекейдің көп бөлінуі, тыныс алудың бұзылуы және салдану байқалуы мүмкін.

Клиникалық белгілер пайда болғаннан кейін аурудың соңы көбіне өліммен аяқталады. Сондықтан жануармен қауіпті байланыстан кейін медициналық көмекке уақтылы жүгіну аса маңызды.

Құтырмадан қалай сақтануға болады?

– үй жануарларына құтырмаға қарсы вакцинацияны уақтылы жасату;

– қаңғыбас және жабайы жануарлармен байланыста болмау;

– мінез-құлқы әдеттен тыс жануарды өз бетінше ұстамау және емдеуге тырыспау;

– құтырмаға күдік тудыратын жануар туралы ветеринариялық қызметке хабарлау;

– жануар тістеген, сілекейі тиген немесе басқа да қауіпті байланыс болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну.

Мамандардың айтуынша, жануармен байланыстан кейін профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізу құтырманың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін қызылшадан қалай қорғануға болатыны туралы жазған едік.