Бір мектептің сегіз түлегі Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүр
Бір мектепте білім алған сегіз жігіт бүгінде Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр. Қазығұрт ауданының Көкібел ауылындағы Сабыр Рахымов атындағы орта мектептің түлектері Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде қатардағы жауынгер, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір кездері мектеп партасында қатар отырған достардың әрқайсысы мектеп бітірген соң өз жолын таңдаған. Бірі «Байланысты бақылау» мамандығы бойынша колледж тәмамдаса, енді бірі дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын меңгерген. Араларында заңгер мен география пәні мұғалімі де бар.

Бүгінде сыныптастар әскери қызметке бірге келіп, мектеп қабырғасынан басталған достықтарын жаңа ортада жалғастырды.
Қазір сегіз сарбаздың әрқайсысының өз міндеті бар. Әскери өмір олардың бір-бірін бұрынғыдан да жақсы танып, қиындықта қолдау көрсетуіне мүмкіндік берген.

«Біз бірге оқып, бірге өстік. Сондықтан мектептен бері бір-бірімізді жақсы танимыз. Бірақ әскери ортада әрқайсымыздың жаңа қырымызды таныдық. Қиын сәтте кімнің сабыр сақтайтынын, кімнің жауапкершілікпен қарайтынын, кімнің жолдасына демеу бола алатынын осы жерде көрдік. Қазір әркім өз міндетін атқарады. Соған қарамастан, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қажет болса ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз», – дейді қатардағы жауынгер Бағлан Рахымберді.
Бүгінде олар Түркістан қаласында патрульдік жасақ құрамында қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады.

Әскери қызметтен тыс уақытта да туған ауылдарымен байланысын үзбеген. Көкібелдегі жаңалықтардан хабар алып, мектептегі ортақ естеліктерін еске түсіріп отырады.

Бұдан бұрын Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 40-қа жуық егіздер қызмет етіп жүргенін жазған едік.