Бүгін, 5 қарашада Қазақстанда Әскери барлаушы күні аталып өтіп жатыр. Еліміздің әскери барлау қызметінің тарихы 1992 жылғы 5 қарашадан басталады. Дәл осы күні Қарулы күштер құрамында алғашқы барлау бөлімшесі құрылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери барлау елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Оның негізгі міндеттерінің қатарында барлау ақпараттарын уақтылы жинау және талдау, қалыптасқан жағдайды бағалау, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау бар.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери барлаушы қызметі жоғары кәсіби даярлықты, сараптамалық ойлау қабілетін, сабырлылық пен күрделі жағдайда жедел әрекет ете білуді талап етеді.
Бұл сала мамандары үшін Отанға адал қызмет ету, әскери борышқа беріктік, кәсібилік пен жауапкершілік басты қағидаттар саналады.
Айта кетейік, бұған дейін «Бүркіт» арнайы жасағына алғаш рет қыз жауынгер қабылданғанын жаздық.