Жетісуда заңсыз ауланған 127 келі балықтың арасынан бекіре табылды
Жетісу облысында полиция қызметкерлері балық қорғау инспекторларымен бірлесіп, Қаратал өзенінде балықты заңсыз аулау дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Үштөбе – Көпбірлік автожолында бірлескен рейдтік іс-шара барысында тіркемесі бар Audi-100 автокөлігінен 127,1 келі балық табылып, тәркіленді.
Олардың арасында сазан, жайын, ақмарқа, мөңке және мемлекет ерекше қорғауға алған бекіре тұқымдас балық бар. Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салынған.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 80 метр болатын төрт капрон ау, моторлы резеңке қайық, 15 қармақ, ілмектер, ескектер және екі аккумулятор тәркіленді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректеріне сәйкес, ер адамдар Қаратал өзеніне балық аулау мақсатында келіп, тыйым салынған аулау құралы – балық аулау торын пайдаланған. Ауланған балықты автокөлікпен тасымалдаған. Тәркіленген балық өлшеніп, жауапты сақтауға тапсырылды. Қазіргі уақытта балық ресурстары мен мемлекетке келтірілген залал мөлшері анықталуда», - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Еске салайық, бұған дейін Каспий теңізінде мың шақырымнан астам броконьерлік тор тәркіленгені туралы жаздық.