Экология мәселелері бойынша халықпен жедел кері байланыс орнату үшін «TazaQazBot» Telegram-боты іске қосылды. Сервис «eGov Mobile» қосымшасында да қолжетімді. Ол қоршаған ортаның жай-күйіне қатысты өтініштерді фото және бейнематериалдармен қоса, геолокацияны көрсете отырып жіберуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Цифрлық трансформация және жобалық басқару департаментінің директоры Данна Оразкалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спикердің айтуынша, жүйе іске қосылғалы бері халықтан 50 мың өтініш түскен. Оның 94%-ы орындалған.
«Бұл – шағымдар мен өтініштерді жедел жіберуге мүмкіндік беретін құрал. Тиісті әкімдік өтінішті қабылдап, жұмыс жүргізеді. Шағым жолдаған азаматтарға бес жұмыс күні ішінде мәселенің шешілгені туралы кері байланыс беріледі», – деп түсіндірді Данна Оразкалиева.
Еске салсақ, ЖИ елімізде экология саласындағы заңбұзушылықтарды анықтауға көмектесуде.