Қазақстан азаматтарының хат-хабар құпиясы қалай қорғалады – ІІМ жауабы
Шетелдік құқық қорғау органдары Қазақстан азаматтарының деректер базасына тікелей қол жеткізе алмайды. Бұл туралы Құрылтай отырысы кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құрылтай депутаты Шахмардан Байманов халықаралық ынтымақтастық аясында ақпарат және электрондық дәлелдемелер алмасу кезінде Қазақстан азаматтарының жеке деректерін қорғау кепілдіктеріне қатысты сұрақ қойды.
Ол Конвенция ратификацияланған жағдайда шетелдік құқық қорғау органдары қазақстандықтарға қатысты деректерді тікелей ала ала ма деген мәселені көтерді. Сондай-ақ депутат жеке деректер мен хат-хабар құпиясын қорғау тетіктерін және Қазақстан тарапы қандай жағдайларда шетелдік органның сұрауын орындаудан бас тарта алатынын сұрады.
ІІМ орынбасарының айтуынша, шетелдік органдар Қазақстанның деректер базаларына тікелей қосыла алмайды.
«Қазақстан азаматтарының деректерін тікелей және бақылаусыз алуға жол берілмейді», – деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, Конвенцияның 32-бабында көзделген тәртіппен ақпарат ұлттық байланыс орталығы арқылы беріледі. Шетелдік құқық қорғау органдарына Қазақстанның ақпараттық базаларына тікелей қолжетімділік берілмейді.
Сонымен қатар барлық ақпаратты беру Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
«Егер біздің заңнамаға сәйкес келмесе, ондай сұраулар түссе де, біз оларды орындамаймыз», – деді ІІМ өкілі.
Ол дербес деректер мен хат-хабар құпиясы Қазақстан заңнамасымен қорғалатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін жеке деректерді таратамын деп бопсалаған азамат бас бостандығынан айырылған еді.